Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды
Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды. Жаңбыр, найзағай, қатты жел, тұман және өрт қаупі күтілуде. Толық болжамды оқыңыз.
Сурет: istockphoto
Бүгін, 3 қыркүйекте, еліміздің 17 өңірінде ауа райының қолайсыздығы салдарынан дауылды ескерту жасалды. «Қазгидромет» мәліметінше, бірқатар аймақта жаңбыр, найзағай, бұршақ, тұман, шаңды дауыл мен қатты жел күтіледі. Кей жерлерде үсік жүріп, өрт қаупі де сақталады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қарағанды облысында түнде және таңертең тұман түсіп, шығыс бөлігінде ауа температурасы 2 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін. Оңтүстік-шығыста желдің екпіні 15 м/с-қа жетеді.
Түркістан облысының таулы аймақтарында жаңбыр мен найзағай, батысында шаңды дауыл болжанады. Жел екпіні 15-20 м/с, кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Шымкент пен Түркістан қалаларында қатты жел және төтенше өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысының таулы аудандарында жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Алакөл маңында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақмола облысында жаңбыр мен найзағай болжанып, кейбір аудандарда тұман түседі. Шығысында топырақ бетінде 2 градус үсік күтіледі.
Алматы облысында жаңбыр, найзағай және тұман болжанады. Таулы аудандарда жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы қаласында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Қостанай облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең кей аудандарда тұман түседі.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай және 15-20 м/с жел болжанады. Солтүстік пен шығыста топырақ бетінде 2 градус үсік болуы мүмкін.
Павлодар облысында тұман түсіп, оңтүстігінде ауа температурасы 1 градус аязға дейін төмендеуі ықтимал. Шығыс Қазақстан облысында түнде кей аудандарда 5 градусқа дейін аяз, ал Абай облысында 3 градусқа дейін аяз күтіледі.
Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді.
Сонымен қатар Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының өзгерісін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
