Жазира Байырбекованың қызы Дара мектеп табалдырығын аттады
Әнші Жазира Байырбекова қызы Дараның 1-сыныпқа барғанын хабарлап, оған ақ тілегін білдірді. Желі қолданушылары да құттықтауларын жолдады.
Сурет: instagram.com/zhazira_bairbekova
Әнші Жазира Байырбекова отбасындағы қуанышты оқиғаны жұртшылықпен бөлісті. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында қызы Дараның алғаш рет мектепке барғанын хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Биыл Дара 1-сыныпқа қадам басты. Әнші бұл маңызды сәтке арнап жүрекжарды жазба жариялап, қызына ақ тілегін білдірді. «Бүгін мен үшін ерекше, жүрекке толқыныс сыйлаған күн… Даратайым алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қадам басты. Кеше ғана балабақшаға қолынан жетектеп апарған кішкентай балапаным, бүгін білім атты үлкен әлемнің есігін ашып тұр», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Жазира Байырбекова қызының білім жолы ашық әрі болашағы жарқын болуын тіледі. «Қадамың құтты болсын, құлыным! Білім жолың ашық, болашағың жарқын болсын! Әрдайым жүзіңнен күлкі, жүрегіңнен мейірім, бойыңнан әдеп пен тәрбиені жоғалтпағайсың. Алғашқы қоңырауың құтты болсын, Даратайым!» – деді әнші.
Өнер иесі қызына мектепте білімнің биік шыңдарын бағындыруды тіледі. Жазбаны көрген желі қолданушылары да Дараға сәттілік тілеп, жаңа оқу жылымен құттықтады.
