Талғарда 8 жасар қызға қатысты жыныстық сипаттағы әрекет жасамақ болған ер адам ұсталды
Талғарда 8 жасар қызға жыныстық сипаттағы әрекет жасамақ болған ер адам ұсталды. Анасының айтуынша, күдікті қызды алдап, автобустың артына ертіп әкеткен. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Сурет: istockphoto
Талғарда 8 жасар қызға қатысты жыныстық сипаттағы әрекет жасамақ болған ер адам ұсталды. Бұл туралы «Астана» телеарнасының мәліметіне сілтеме жасап, turkystan.kz хабарлады. Оқиғаның мән-жайын анасы баяндап берді.
Анасының айтуынша, күдікті көшеде велосипед теуіп жүрген қызды тоқтатып, дөңгелекке тас тұрып қалғанын айтқан. Ол қызға жөндеп беремін деп сендіріп, автобустың артына ертіп әкетіп, жыныстық сипаттағы әрекетін жасамақ болған. Алайда қыз амалын тауып, үйіне қашып кеткен.
Телеарнаның дерегінше, ер адам масаң күйде болған. Қыз үйіне жетісімен ата-анасына болған жайтты айтып берген. Сол маңдағы көршінің баласы да бір ер адамның балаларға тиіскенін байқаған.
Жәбірленушінің анасы бұл жағдайдың назардан тыс қалмауын қалап, дабыл қағып, құзырлы органдардан көмек сұрап отыр. Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта күдіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілген. Қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайларын объективті, толық және жан-жақты анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу іс-шараларының нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қазіргі уақытта 8 жасар қыз үйінен шығуға қорқып, ешкіммен сөйлескісі келмейді. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын күшейткен. Ата-аналар балаларын ойнауға, тіпті мектепке жіберуден қауіптеніп отыр.
