Астанада подъезде дәретін өткізген адам 10 тәулікке қамалды
Астанада подъезде дәретін өткізген ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот оны ұсақ бұзақылық бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Фото: Newtimes.kz
Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылық соты 24 тамызда көпқабатты үйдің баспалдақ алаңында дәретін өткізген ер адамға қатысты үкім шығарды. Сот оны ұсақ бұзақылық бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Істің қозғалуына әлеуметтік желілерде тараған видео себеп болды: кадрларда белгісіз ер адамның көпқабатты үйдің подъезіндегі терезеге дәретін өткізіп жатқаны көрінеді.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, істегеніне өкінетінін білдірді. Алайда оның кінәсі іс құжаттарымен және бейнежазбамен толық расталды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді. «Жаза тағайындау кезінде сот іс-әрекеттің сипатын, қоғамға деген құрметсіздікті және әлеуметтік желілердегі істің жария болуын ескерді. Сот қаулысымен Ж. 434-баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», — деп мәлімдеді сотта.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы кездері полиция әлеуметтік желілердегі бейнежазбалар үшін адамдарды жиі қамауға алуда. Алдымен рұқсатсыз салют пен фейерверк ұшырғандар жаппай ұсталды. Кейін камера алдында былапыт сөйлеген блогерлерді қамай бастады.
