Дана Уайт Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес жекпе-жегі туралы: «Мүмкін, әбден мүмкін!»
UFC президенті Дана Уайт Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес арасындағы ықтимал жекпе-жек туралы пікір білдірді. Екі файтердің де рекордында 19 жеңіс бар.
Сурет: politico.kz
Аралас жекпе-жек шебері, қазақстандық Шавкат Рахмонов пен эквадорлық Майкл Моралес арасындағы ықтимал айқас жөнінде UFC президенті Дана Уайт пікір білдірді. Оның айтуынша, октагонда жеңіліс көрмеген екі файтердің кездесуі әбден мүмкін.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қазіргі кезде Шавкат Рахмоновтың да, Майкл Моралестің де кәсіби рекордында 19 жеңіс бар. Екеуі де жартылай орта салмақта өнер көрсетеді.
Дана Уайттың сөзінше, UFC басшылығы бірнеше маңызды жекпе-жекті талқылап жатыр. Солардың қатарында қазақстандық файтердің эквадорлық спортшымен кездесуі де болуы мүмкін. Алайда бұл жекпе-жек әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
«Мүмкін, әбден мүмкін. Қазір бізде талқыланып жатқан көптеген қызықты жоспар бар. Жақын арада бірнеше жақсы жаңалық жарияланады деп ойлаймын. Жылдың соңы керемет болады, ал қаңтар мен ақпан айлары да жанкүйерлер үшін қызықты өтеді», – деді Дана Уайт.
Айта кетейік, егер бұл жекпе-жек ұйымдастырылса, жеңіліс көрмеген екі спортшының кездесуі UFC жанкүйерлері үшін үлкен қызығушылық тудыруы мүмкін. Қазірше ықтимал айқастың нақты күні мен өтетін орны туралы ресми ақпарат жоқ.
