Бурабайда адасып кеткен қыз бес сағаттан кейін табылды
Бурабайда орманда адасып кеткен қыз бес сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін аман-есен табылды. Полиция қыздың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін хабарлады.
Сурет: turkystan.kz
Бурабайдың орманды алқабында жоғалып кеткен жасөспірім қыз аман-есен табылды. Іздеу жұмыстары шамамен бес сағатқа созылған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 25 тамызда полицияға жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстары қыздың Синюха тауы маңында жоғалып кеткенін айтқан.
Жер бедерінің күрделі болуы және кештің батып бара жатқаны ескеріліп, тәртіп сақшылары бірден іздеу шараларын бастаған. Оларға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары және еріктілер қосылды.
Іздеу топтары орман алқаптары мен оған жақын аумақтарды түгелдей тексеріп, қыз жүруі мүмкін бағыттарды қарастырған.
Нәтижесінде жасөспірім қараңғы түскен уақытта, жоғалғанынан шамамен бес сағат өткен соң табылды.
Полиция мәліметінше, қазір қыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
