— ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 323, 344-баптарын басшылыққа ала отырып, сот қаулы етті: Сотталушы Жұбаниязованың қорғаушысы Еслямбекұлының ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 323-бабы тәртібімен қылмыстық істі прокурорға жіберу туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартылсын. Қаулы түпкілікті және оған шағым жасалмайды. Аталған қаулымен келіспеу туралы уәждерді іс бойынша түпкілікті шешімге берілетін апелляциялық шағымда немесе прокурордың өтінішхатында келтіруге болады, — деді Меруерт Абаева.
Оның сөзінше, қаулыға сай, іс прокурорға қайтарылады. Бірақ жаңа және толыққанды тергеу жүргізілмейді. Бірқатар сараптама жүргізу және куәлардан жауап алу тәрізді жұмыстар негізгі сот талқылауы барысында атқарылады.
— Бұл жағдайда қылмыстық іс сот көрсеткен нақты процестік немесе құқықтық кедергілерді жою үшін ғана прокурорға қайтарылады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 323-бабы тәртібімен істі прокурорға қайтару сотқа дейінгі тергеудің толық жүргізілмеуін толықтыру мақсатымен байланысты болмауы тиіс. Қорғау тарапының бірқатар сараптама жүргізу және куәлардан жауап алу қажеттігі туралы уәждері негізгі сот талқылауы барысында қаралып, шешіледі, — деді сот.
