Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы дебютінде чемпиондық белбеуге таласпақ
Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған отандасымыз дебютінде бірден IBF Asia тұжырымының чемпиондық белбеуіне таласады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеп.
28 тамызда Астанада Халықаралық бокс күніне орай өтетін IBA Nomad турнирінде Тәшкенбай филиппиндік Нил Хакамоспен кездеседі. Жекпе-жек бірінші аса жеңіл салмақтағы IBF Asia чемпиондығының бос тұрған белбеуі үшін өтеді.
Тәшкенбай қарсыласын осал санамайтынын және кәсіпқой бокстағы алғашқы сынаққа толық дайын екенін айтты.
«Алғашқы жекпе-жегімде бірден белбеу үшін жұдырықтасу – мен үшін үлкен мүмкіндік. Қарсыласым әлсіз емес. Соққылары өте ауыр әрі кәсіпқой бокста тәжірибесі бар. Жекпе-жекті барынша белсенді өткізіп, соңына дейін жұмыс істеп, қарсыласыма рингті бермеуге тырысамын», – деді Тәшкенбай.
Қазақстандық боксшы мықты қарсыласпен кездесу өзінің шынайы деңгейін тексеруге мүмкіндік беретінін де атап өтті.
«Қарсыласымның мықты болғаны маған тіпті жақсы. Екеуміз көрермендерге тартысты әрі қызықты жекпе-жек көрсетеміз деп ойлаймын. Қазір бабым жақсы, алдағы айқасқа толық дайынмын. Бұл жекпе-жекті өзім қаладым. Кәсіпқой бокста өзімді сынап көргім келді», – деді ол.
Санжар кәсіпқой бокстағы түпкі мақсатын да жасырмады. Қазақстандық боксшы болашақта өз салмағының үздігі атанып, жапониялық жұлдыз Наоя Иноуэмен бір рингте кездескісі келеді.
«Басты мақсатым – өз салмағымның патшасы атану. Бір күні Иноуэмен рингке шыққым келеді. Ол – маған ең қатты ұнайтын боксшылардың бірі», – деді Тәшкенбай.
