Арыста әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрі дүмпуі тіркелді
Арыс қаласы маңындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрі дүмпуі тіркелді. Зардап шеккендер жоқ, өрт сөндірілді. Қорғаныс министрлігі ақпаратты растады.
Сурет: kznews.kz
Арыс қаласы маңындағы әскери бөлім аумағында өрт болып, оқ-дәрі фрагментінің дүмпу дауысы естілді. Оқиға 19 тамыз күні сағат 19:00 шамасында тіркелген. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Министрліктің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаеваның айтуынша, Арыс гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің техникалық алаңында құрғақ шөп тұтанған. Өрт кезінде кәдеге жаратуға дайындалған оқ-дәрі фрагментінің жарылыс дауысы естілген. Зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ.
Өрт көп ұзамай толық сөндіріліп, қазір оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр. Қорғаныс министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, азаматтарды әлеуметтік желілердегі расталмаған ақпаратқа сенбеуге, тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырды.
