Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 14 шілде 2026 $ 474,7 540,9 6,18 ЖарнамаЕрежелерЖоба туралы
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
Жамбас сұрасаң, қабырға береді: Базардағы етке сүйек қосып сату айласына вице-министр де алданған Маусымдағы аптап ыстық Еуропада 10 мыңнан астам адамның өмірін қиды Анастасия Рыпакова Азия чемпионатында күміс алып, сәтсіздіктер сериясын тоқтатты Қарбызды қазірше жеуге болмайды: Ауыл шаруашылығы министрлігі себебін түсіндірді Грузияда Kyzdar.net сайтының халықаралық іздеудегі менеджері ұсталды Қырғызстан ЕАЭО елдеріне мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауға уақытша тыйым салды Жамбас сұрасаң, қабырға береді: Базардағы етке сүйек қосып сату айласына вице-министр де алданған Маусымдағы аптап ыстық Еуропада 10 мыңнан астам адамның өмірін қиды Анастасия Рыпакова Азия чемпионатында күміс алып, сәтсіздіктер сериясын тоқтатты Қарбызды қазірше жеуге болмайды: Ауыл шаруашылығы министрлігі себебін түсіндірді Грузияда Kyzdar.net сайтының халықаралық іздеудегі менеджері ұсталды Қырғызстан ЕАЭО елдеріне мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауға уақытша тыйым салды

Анастасия Рыпакова Азия чемпионатында күміс алып, сәтсіздіктер сериясын тоқтатты

Анастасия Рыпакова жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлде алып, маусымдағы үздік нәтижесін көрсетті. Спортшы сәтсіздіктер сериясын тоқтатқанын айтты.

Анастасия Рыпакова Азия чемпионатында күміс алып, сәтсіздіктер сериясын тоқтатты

Сурет: olympic.kz

Сурет: Asian Athletics

Жеңіл атлетикадан Қытайдың Ордос қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Анастасия Рыпакова маусымдағы ең үздік нәтижесін көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Рыпакова ұзындыққа секіру сайысында 6,11 метр нәтиже көрсетіп, екінші орын алды. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында спортшы алғашқы сәтсіз кезеңді еңсергенін айтты.

— Көрсеткен нәтижеңізге көңіліңіз толды ма? Алға қойған мақсаттарыңызды орындай алдыңыз ба?
— Жеке бапкерім екеуміз қазіргі дайындық кезеңін ескерсек, көрсеткен нәтижеме ризамыз. Бұл жолы алысқа секіруден бұрын әр әрекетті техникалық тұрғыдан дұрыс орындауды мақсат еттік. Меніңше, сол міндетті орындадым. Қазір біз үшін ең маңыздысы да – осы.

— Жүлдемен қатар маусымдағы ең үздік нәтижеңізді де тіркедіңіз. Бұл сіздің көңіл күйіңізге, мотивацияңызға қалай әсер етті?
— Әрине, бұл нәтиже маған үлкен қуаныш сыйлады. Біраз уақыттан бері жалғасқан сәтсіз жарыстар сериясын тоқтата алдым. Мұндай жетістік өз күшіңе деген сенімді арттырады. Дегенмен кез келген спортшы секілді мен де бұдан да алысқа секіргім келеді. Сондықтан жаттығуды тоқтатпай, алға жылжи береміз. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Сонымен қатар бұл нәтиже бапкерім екеуміздің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанымызды көрсетті. Ол алдағы жарыстарға деген сенімді күшейтіп, одан әрі дамуға жігер береді. Мақсатым – шеберлігімді жетілдіріп, ең жоғары деңгейде бәсекеге қабілетті болу.

— Азия құрлығындағы бәсекелестік деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
— Жастар арасындағы Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болды. Мұндай додаға бұрын қатысқан спортшылар жақсы біледі: мұнда жүлделі орындар үшін күрестің қалай аяқталатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан мұндай жарыстағы әрбір медальдың орны ерекше.

— Бұл сіздің жастар арасындағы алғашқы Азия чемпионатыңыз болды. Жарыстың ұйымдастырылуын қалай бағалайсыз? Есте қалған сәттер бар ма?
— Чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шығыс Азия елдерінде жарысқа қатысқан маған әрдайым ұнайды. Мұнда спортшыларды жылы қарсы алып, барлық мәселеде қолдау көрсетеді әрі жақсы жағдай жасайды. Әсіресе стадион ерекше әсер қалдырды. Ол тек маған ғана емес, ұлттық құраманың көптеген спортшысына ұнады. Тіпті өзара әзілдеп: «Егер бізде осындай стадион болса, одан шықпас едік», – деп айттық.

— Маусымның қалған бөлігіне қандай жоспарларыңыз бар? Алда қандай жарыстарда бақ сынауды мақсат етіп отырсыз?
— Ең жақын жоспарым – Қазақстан чемпионатына қатысу. Одан кейін Ташкентте өтетін коммерциялық турнирде бақ сынаймын. Егер бәрі ойдағыдай болса, кейін Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындаламын. Қазір басты мақсатым — үнемі алға қарай қадам жасап, алдағы жарыстарға ең жоғары бабымда бару.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы →