Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Телефон арқылы сөйлесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампты Америка тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, үш ұрпақтың ғұмырына барабар қысқа тарихи кезеңде бұл елдің қуатты жаһандық державаға айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Президент АҚШ әкімшілігінің ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясаты Қазақстандағы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы Әділетті Қазақстан құру стратегиясымен үндесетінін, сондықтан Дональд Трамптың саясатын қолдайтынын жеткізді. Әңгіме барысында екіжақты экономикалық және саяси ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қарашада Вашингтонға сапары кезінде қол жеткізілген ірі келісімдердің жоғары қарқынмен орындалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның ядролық қару мен байытылған уранды таратпау жөніндегі ұстанымы өзгеріссіз қалатынын растап, МАГАТЭ-мен ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
Тараптар Ақордада сенатор Стив Дэйнс, АҚШ Президентінің арнаулы өкілі Серджио Гор, Ақ үйдің басқа да жоғары лауазымды тұлғалары және америкалық іскер топ өкілдерімен өткен кездесулер мен келіссөздерге оң баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты қолайлы уақытта Қазақстанға келуге шақырды.
