«Қазақмыс» экологиялық жаңғыртуға 829,6 млрд теңге инвестиция салады
Фото: Қазақмыс
«Қазақмыс» Тобы Балқаш және Жезқазған мыс балқыту зауыттарын экологиялық жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Жұмыс кәсіпорындар 2025 жылғы желтоқсанда алған Кешенді экологиялық рұқсат аясында жүргізіліп, өндірісті 2034 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңғыртуды көздейді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Екі өндірістік алаң бойынша экологиялық инвестицияның жалпы көлемі 829,6 млрд теңгені құрайды. Оның 511,6 млрд теңгесін Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға, ал 318 млрд теңгесін Балқаш мыс балқыту зауытына бағыттау жоспарланған.
Жаңғырту жұмысы аяқталғаннан кейін күкірт диоксиді шығарындылары жылына 70 мың тоннадан астамға азаяды деп күтілуде. Ластаушы заттардың жиынтық шығарындылары 70%-ға дейін қысқарады, бейорганикалық шаң шығарындылары 99,6%-ға төмендейді, сәйкесінше өндірілетін өнімнің көміртек ізі де едәуір азаяды.
Құны шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайтын Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы бағдарламаның негізгі жобасы болмақ. Заманауи Single Contact Single Absorption технологиясын енгізу күкірт диоксиді шығарындыларын екі еседен астам қысқартуға және өндірістің экологиялық талапқа сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Экологиялық жаңғырту бағдарламасы жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысымен қатар газдан тазарту жүйесін жаңартуды, өндірісті газға көшіруді, энергия тиімділігін арттыруды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды көздейді. Бұл бағыттардың барлығы озық қолжетімді технологияларға, ESG қағидаттарына және өндірістік үдерісті цифрлық бақылауға негізделген экологиялық тәуекелдерді басқарудың ұзақ мерзімді жүйесіне біріктірілген.
Өндірістің көміртек ізін азайту бағытында жүзеге асырылған жобаларды да ерекше атап өткен жөн. Атап айтқанда, газдандыру жобасы аясында Жезқазған мыс балқыту зауытында, «Казкат» зауытында және Жезқазған байыту фабрикаларының сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде жалпы саны 20 өндірістік нысан пайдалануға беріліп, негізгі технологиялық жабдық мазуттан газға көшірілді. Нәтижесінде Жезқазған мыс балқыту зауытында парниктік газ шығарындылары айтарлықтай қысқарды. Жобаның жалпы құны шамамен 4 млн АҚШ долларын құрады.
ESG тәжірибесін іске асыру аясында компанияда энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың бекітілген бағдарламасы жетілдірілуде. Осы бағыт бойынша сапа менеджменті жүйесі де табысты жұмыс істейді.
Сонымен қатар компанияда 2035 жылға дейінгі экологияны дамыту және компаниялар тобын көміртексіздендіру бағдарламасы әзірленуде.
Өндірістің қоршаған ортаға түсіретін әсерін азайту «Қазақмыс» Тобы жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Компания экологиялық жаңғыртуды өндірістік алаңдарды ұзақ мерзімді дамытудың маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Осы мақсатта өндірістік активтерді кезең-кезеңімен жаңартып, озық қолжетімді технологияларды енгізуде, сондай-ақ энергия тиімділігін арттырып, экологиялық бақылаудың цифрлық жүйесін дамытып жатыр. Бұл шаралар шығарындылар көлемін қысқартуға, өндірістің көміртек ізін азайтуға және компания қызмет атқаратын өңірлердегі өндірістік үдерістің сенімділігін арттыруға бағытталған.
