Конституциялық соттың шешімі саяси тәуекелдерден қорғайтын тетік – сарапшы
Конституциялық соттың түсіндірмесі президенттің өкілеттік мерзімін шектеу нормасы қазіргі басшыға қолданылмайтынын көрсетеді, деп санайды сарапшы Ғазиз Әбішев.
Сурет: kaz.inform.kz
Конституциялық соттың жаңа Конституцияға байланысты берген түсіндірмесі саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құрал болып табылады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Астанадағы ресми мәліметтерге сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Конституциялық сотқа жүгініп, жоғарғы мемлекеттік билікке қатысты нормаларға ресми түсіндірме беруді сұраған еді. Сарапшы Ғазиз Әбішев Telegram арнасында бұл шешімге қатысты пікір білдірді.
Конституциялық сот Президенттің өтінішін қарап, бірқатар нормаларға түсіндірме берді. Атап айтқанда, 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағы бойынша, аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы немесе тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте мұндай адамдардың сайлануы немесе тағайындалуы алғаш рет деп есептеледі.
Ғазиз Әбішевтің пайымдауынша, бұл түсіндірме президенттің өкілеттік мерзімін бір рет жеті жылмен шектейтін норманың қазіргі Мемлекет басшысына қолданылмайтынын көрсетеді. Шектеу келесі президенттік сайлаудан бастап барлық кандидаттарға бірдей қолданылады. Келесі президент сайлауы үш жылдан кейін, яғни 2029 жылдың қыркүйегінде өтуі тиіс. Конституциялық соттың түсіндірмесі саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін конституциялық тетік ретінде қарастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы сайлауға кандидат ретінде қатысуға құқығы бар, бірақ бұл оның міндетті түрде түсетінін білдірмейді. Мұндай құқықтың болуы маңызды саяси тетік болып қала береді.
Сарапшы Конституциялық сот судьяларына қатысты да қорытынды жасады. Заң бойынша олар бір ғана сегіз жылдық мерзімге тағайындалады. Алайда түсіндірмеге сәйкес, қазіргі судьялар жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тағы бір рет, яғни тағы бір сегіз жылдық мерзімге тағайындала алады.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституцияның толыққанды күшіне енуіне қажетті барлық нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған.
