Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге «Достық» I дәрежелі орденін табыстады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент Ираклий Кобахидзе еліміздің досы, көреген көшбасшы және өз ісіне берілген мемлекет қайраткері екенін атап өтті. «Сіздің мықты басшылығыңыздың арқасында Грузия ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларды сәтті жүргізіп, азаматтарының әл-ауқатын арттырып, халықаралық беделін нығайтып, негізгі өңірлік серіктес ретіндегі позициясын күшейтуде. Грузия тұрақты даму жолында алға жылжып, күшті әрі гүлденген мемлекет ретінде жаңа биіктерге жететініне сенімдімін», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі деңгейін жоғары бағалады. Екі елді терең тарихи тамырлар, ортақ мәдени құндылықтар, ғасырлар бойы жалғасқан достық пен өзара түсіністік байланыстырады. «Қазақ халқы грузин халқының бай тарихы мен бірегей мәдениетіне ерекше құрметпен қарайды. Грузин диаспоры біздің көпұлтты қоғамымыздың ажырамас бөлігі және елдеріміз арасындағы көпір қызметін атқарады. Соңғы жылдары екіжақты қатынастар жаңа серпін алды: саяси диалог жанданды, өзара сауда тұрақты өсуде, ал экономикалық ынтымақтастық әртүрлі салаларда кеңейіп келеді. Қазақстан мен Грузия әлемдік аренада тиімді ынтымақтасып, негізгі халықаралық мәселелер бойынша бірін-бірі қолдап келеді», — деді Президент.
Ерекше көшбасшылық пен Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесін мойындау ретінде Мемлекет басшысы Ираклий Кобахидзеге «Достық» I дәрежелі орденін салтанатты түрде табыс етті.
Өз кезегінде Грузия премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз қызметіне берілген жоғары баға үшін алғыс білдірді.
