Басты бет » Тұтас жүйені өзгертуге түрткі болды: Инга Иманбай әлімжеттіктің құрбаны болған Ербаян Мұхтар туралы жазды

Тұтас жүйені өзгертуге түрткі болды: Инга Иманбай әлімжеттіктің құрбаны болған Ербаян Мұхтар туралы жазды

Коллаж: Arasha.kz

Заңгер Инга Иманбай Ербаянға арнап жазба жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.

Ол Ербаянның өмірі үшін бүкіл халық күрескенін айтты.

«Екі жыл бұрын дәл осы коллажды жариялап, Ербаян Мұхтардың тағдырына қоғам назарын аударуға тырысқан едім.

Сол кезде әскердегі қауіпсіздік мәселесін көп адам білмейтін. Бірақ біз Ербаянның басына түскен жағдай жеке бір отбасының қасіреті ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс мәселе екенін айтуға тырыстық.

Қоғам үн қатты. Мыңдаған адам Ербаян үшін алаңдап, оның өмірі үшін ата-анасымен бірге күресті. Осы екі жыл ішінде Ербаянның есімі әскердегі қауіпсіздік мәселесімен қатар аталатын болды. Ол әскери ортадағы зорлық-зомбылыққа, жауапсыздыққа және жабық жүйедегі проблемаларға қоғам назарын аудартқан символға айналды.

Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба қоштасу үшін ғана емес.

Өйткені Ербаян осы екі жыл ішінде өзінің өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселелер ашық айтыла бастады. Бұрын үнсіз қалған ата-аналар сөйледі. Қоғам талап қоя бастады. Мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды.

Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды.

Сондықтан Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз.

Қош бол, батыр Ербаян», — деді заңгер.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика