Дағыстанда магистральдық газ құбыры мен газ тарату инфрақұрылымында қатарынан 3 жарылыс болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы inbusiness.kz сайтына сілтеп.
Оқиға 9 маусым күні Дағыстанның Қызылюрт қаласы маңында тіркелген. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, диаметрі 1200 миллиметр болатын «Моздок – Қази-Магомед» магистральдық газ құбырында бір мезетте 3 жарылыс дауыс естілген. Артынша газ тарату станциясы мен оған іргелес аумақта өрт тұтанған. Жалынның биіктігі кей деректер бойынша 15 метрге дейін жеткен.
Жарылыстан кейін төтенше жағдай қызметтері мен өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше сағатқа созылған өртті бақылауға алды. Ресейлік ақпарат құралдары апат салдарынан зардап шеккендер тіркелмегенін жазды. Десе де, қауіпсіздік мақсатында Қызылюрт қаласы мен оған жақын аумақтағы тұрғын үйлерден 100-ден аса адам эвакуацияланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс қаланың өндірістік аймағында орналасқан газ инфрақұрылымында болған. Өрттің ауқымы соншалық, жалын мен түтін бірнеше шақырым жерден көрінген. Оқиға орнында ондаған құтқарушы мен арнайы техника жұмылдырылды.
Жаза кеткен жөн, Дағыстан соңғы жылдары газ инфрақұрылымындағы ірі апаттар жиі тіркелетін аймақтардың біріне айналды. Бұған дейін өңірдегі жанармай құю бекеттерінде болған жарылыстар ондаған адамның өмірін қиған еді.
