30 жыл бұрын зорланған ана АҚШ-қа асырап берілген қызын іздеп жатыр

30 жыл бұрын зорланған ана АҚШ-қа асырап берілген қызын іздеп жатыр

Сурет: sn.kz

30 жыл бұрын топтық зорлаудың құрбаны болған қазақстандық әйел сол оқиғадан кейін дүниеге келген қызын іздестіріп жатыр. Наташа Қалымбетованың айтуынша, оның жалғыз арманы – қызының аман-есен екенін білу. Жақында оның АҚШ азаматтарының отбасына асырауға берілгені белгілі болды деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Бұл оқиға туралы Наташа Қалымбетова «НеМолчи.kz» қоғамдық қоры ұйымдастырған баспасөз мәслихатында баяндады. Оның сөзінше, 1994 жылы қарашада Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде 17 жастағы бойжеткенге төрт ер адам шабуыл жасап, күш көрсеткен. Олар оны түні бойы аяусыз соққыға жығып, зорлаған, кейін өзен жағасына тастап кеткен.

Біраз уақыттан соң Наташа жүкті екенін білген. Мектепті аяқтағаннан кейін Орал қаласындағы педагогикалық колледжге оқуға түскен. 1995 жылы 30 желтоқсанда қыз баланы дүниеге әкеліп, оған Анжелика деп есім берген. Алайда сол кездегі ауыр жағдайына, баспанасы мен тұрақты табысының болмауына байланысты баладан бас тартуға мәжбүр болған.

Наташа Қалымбетова перзентханадан шыққан соң сәбиін қайтарып алуға тырысқанын айтады. Ол туыстарынан уақытша қамқорлыққа алуды сұраған, бірақ олар келіспеген. Біраз уақыт бойы сәбилер үйіне барып, қызын көріп жүргенімен, көп ұзамай оны шетелдік отбасы асырап алған. Содан бері анасы мен қызының арасындағы байланыс толықтай үзілген.

Араға отыз жыл салып, іздеу жұмыстарының нәтижесінде Наташа қызының АҚШ азаматтарына берілгенін анықтаған. Қызының қазіргі аты-жөні – Анджелика Николь Боуг. Әйел қоғамдық резонанс өзінің қызын табуға көмектеседі деп үміттенеді. «Мен оның тірі, дені сау екенін және өмірі жақсы екенін білгім келеді. Бар тілегім – жүрегімдегі ауыр жүктен арылу», – дейді ол.

Сонымен қатар, Наташа Қалымбетова өзіне қатысты жасалған қылмыс бойынша полицияға арыз түсірген. Ол ең басты мақсаты қызын табу екенін, одан кейін өзіне қасірет әкелген адамдардың заң алдында жауап бергенін қалайтынын жеткізді. Қазіргі таңда оған қолдау білдіріп отырған жалғыз жанашыры – кейін дүниеге келген ұлы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика