Қытай билігі Шахрат Нұрышевті жоғары наградамен марапаттады. Салтанатты рәсім барысында марапатты ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И табыстады. Қазақстан елшілігіне көрсетілген құрметке шетелдік дипломаттар, жергілікті және халықаралық БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Шахрат Нұрышев бұл награданы жеке жетістігі емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты әрі сенімді қарым-қатынастың нәтижесі ретінде бағалайтынын айтты.

— Бұл марапатты тек менің еңбегім емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың дамуына берілген баға деп санаймын. Менің кәсіби қызметім екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтумен тығыз байланысты. Осы уақыт ішінде Қытаймен бірлескен ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысып, сенімге ие болдым. Бүгінде Қазақстан Қытай үшін тек экономикалық серіктес қана емес, сенімді көрші мемлекетке айналды, — деді елші.
Мәліметке сәйкес, былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 48,7 миллиард долларға жеткен. Қазіргі таңда екі ел арасында 270-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, теміржол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірлескен жобалар да қарқынды жүргізілуде.

— Біздің ел Еуразия кеңістігінде және әлемде тұрақтылықтың сақталуына мүдделі. Осы бағытта екіжақты қарым-қатынасты дамытуға үлес қосып отырған Қытай Сыртқы істер министрлігіне алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімді достық екі халықтың игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін, — деді Шахрат Нұрышев.
Айта кетейік, Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне 2022 жылы тағайындалған.
Фото: qazaqtoday.info
