Сурет: kaz.inform.kz
Түркістан қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) кезектен тыс саммиті басталды. «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған бейресми жиынға ұйымға мүше елдердің басшылары қатысуда деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Саммит жұмысына Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып жатыр. Сондай-ақ жиынға бақылаушы елдердің өкілдері, ТМҰ Бас хатшысы, Ақсақалдар кеңесі және басқа да түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері келді.
Биылғы саммиттің түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістанда өтуінің символдық мәні зор. Тарихи шаһар түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын сақтап, қазіргі таңда саяси-экономикалық ықпалдастықтың маңызды орталығына айналуда.
Еске сала кетсек, Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы Нахчыван келісімі негізінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ретінде құрылған болатын. 2021 жылы Ыстанбұлда өткен VIII саммитте ұйымның атауы қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді.
