Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамытудың жаңа стратегиясын бекітті. Бұл құжат елде кемінде үш, тіпті төрт атом электр станциясын салуды көздейді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, бұл стратегия – жоғары мемлекеттік деңгейде қабылданған маңызды шешімдердің заңды жалғасы. Оның негізгі мақсаты – әлемдік ядролық экожүйемен біріктірілген заманауи және тұрақты ядролық кластер қалыптастыру.
«Стратегия еліміздің энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды элементіне айналуы тиіс», — деп хабарлады агенттік.
Құжатта 2050 жылға қарай Қазақстанда кем дегенде үш АЭС жұмыс істеп тұратыны қарастырылған. Алайда, бұл санның артуы да әбден мүмкін.
«Электр энергиясын тұтынудың болжамды өсімін ескере отырып, төртінші станцияны салу жобасын іске асыру көзделген. Бұл экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық таза энергияға деген сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ведомствода.
Сонымен қатар, ескірген көмір станцияларын алмастыру үшін еліміздің бірқатар аймағында шағын модульді реакторлар (ШМР) базасында АЭС салу нұсқалары да қарастырылады. Бұл шешім технологиялық және экономикалық тиімділікке сүйеніп қабылданады.
Фото: Әлеуметтік желіден
