Шымкенттегі «Magnum» дүкеніндегі күріш контейнерінен мысықтың нәжісі табылды

Шымкенттегі ірі супермаркеттердің бірінде(«Magnum») жағымсыз жағдай орын алды. Сатып алушы ашық тұрған күріш контейнерінен жануардың нәжісін байқап, видеоға түсіріп алған.

Бұл оқиға Желіде қызу талқыланып, тазалық мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Көпшіліктің наразылығын тудырған бейнежазбаға қатысты сауда желісінің өкілдері ресми жауап қатты.

Оқиға қалай болды?

Қазнетте тараған бейнежазба Шымкент қаласындағы Володарский көшесінде орналасқан Magnum филиалында түсірілген. Кадрдан салмақпен өлшеніп сатылатын күріштің ішінде жатқан жануар қалдығын анық көруге болады.

Сауда желісінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Олардың айтуынша, түнде тауар қабылдау кезінде екі қаңғыбас мысық жүк түсіру аймағы арқылы дүкен ішіне кіріп кеткен. Бұл сәт қызметкерлердің назарынан тыс қалған көрінеді.

Бейнебақылау камераларын тексеру кезінде мынадай жайттар анықталды:

  • Сағат 12:07-де мысық ашық тұрған контейнерге секіріп кірген.

  • Арада небәрі екі минут өткенде, яғни 12:09-да мұны тұтынушы байқап қалған.

Magnum өкілдері не дейді?

Компания өкілдері мұндай жағдайдың бірінші рет тіркеліп тұрғанын алға тартты. Оқиғадан кейін бірден тиісті шаралар қабылданған:

«Бүлінген өнім мен контейнер толығымен жойылды (утилизация). Сауда залында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, сөредегі басқа тауарлар тексерілді – бұзушылықтар табылған жоқ. Дүкен ішіне кіріп кеткен жануарларды іздеуге зооволонтерлер тартылды», – деп мәлімдеді компаниядан.

Сондай-ақ, сауда желісі болашақта мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын қайта қарайтындарын жеткізді.

Желі қолданушыларының пікірі

Айта кетейік, бұл аталған сауда желісіне қатысты туындаған алғашқы дау емес. Бұған дейін де қазақстандықтар баға саясаты мен мерзімі өткен өнімдерге қатысты жиі шағымданған болатын.

Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуі және кейбір филиалдарда мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасының төмендігі қоғамда бірнеше рет резонанс тудырған еді. Дегенмен, компания әр шағым бойынша ішкі тексеріс жүргізіп, кемшіліктерді жоюға тырысатынын айтып келеді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика