Фото: inform.kz
Денсаулығына байланысты көлік жүргізуге тыйым салынған тұрғындардың жүргізуші куәліктері заңды түрде жойыла бастады. Қазірге дейін 1 787 адамның куәлігі күшін жойды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктері бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Олар медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтардың көлікті басқаруына жол бермеу үшін цифрлық жүйелерді біріктірді.
Ішкі істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Диспансерлік есепте тұрған пациенттердің электрондық тіркелімі» базасына қосылды. Соның нәтижесінде диспансерде тіркелген 369 888 адам тексерілді.
Солардың ішінде 273 819 адамға бұрын-соңды жүргізуші куәлігі берілмегені анықталды. Ал қалған 96 069 адам бойынша мәлімет төмендегідей:
— 41 677 адамның куәлігі тексеру кезінде күшін жойған;
— 54 392 адамның куәлігі әлі де қолданыста болған.
2025 жылдың 10 желтоқсанына дейін сотқа 4 540 талап-арыз түсіп, соның негізінде 1 787 адамның куәлігі заң жүзінде жойылды. Бұл азаматтардың көлік басқаруға рұқсаты болмаған.
Екі министрлік арасындағы ақпараттық жүйе өзара нақты уақыт режимінде жұмыс істеп тұр. Психикалық немесе нашақорлық бойынша есепте тұрғандардың мәліметтері автоматты түрде жаңартылып, рұқсат беру кезінде назарға алынады.
«Цифрлық деректер алмасу арқылы жүргізушілерді тексеру жұмыстары жалғаса береді», — деді министрлік өкілдері.
Бұл қадам жол апаттары, жарақат алу, мүгедектік пен өлім-жітімді азайтуға бағытталған.
