Өскемендегі дәмханада полиция қызметкері қаза тапты
Өскемендегі дәмханада 40 жастағы полиция қызметкері жанжал кезінде ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Фото: Видеодан кадр
Өскемендегі ойын-сауық мекемелерінің бірінде болған жанжал салдарынан полиция қызметкері қаза тапты. Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті қайғылы оқиғаны ресми түрде растады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Департаменттің мәліметінше, оқиға 4 қазанға қараған түні орын алған. Қызметтен тыс уақытта дәмханада болған 40 жастағы полиция қызметкері өзін әдепсіз ұстаған келушіге ескерту жасаған. Оған жауап ретінде азамат тәртіп сақшысына ауыр дене жарақатын салған.
Алған жарақаттарының салдарынан полиция қызметкері оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар жанжал барысында дәмхананың тағы бір келушісі зардап шеккен.
Бұған дейін жергілікті әлеуметтік желі парақшаларында қала тұрғындары 4 қазанда тәртіп сақшыларының көліктерді жаппай тексеріп жатқанын хабарлаған болатын. Құқық қорғау органдары жүргізушілерді Үлбі көпірінде және қаланың басқа да бөліктерінде тоқтатып, құжаттарын тексерген. Топтамаларда бұл шаралар қылмыскерді іздестіруге арналған «Ұстау» арнайы жоспарымен байланысты деген болжамдар айтылды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
