Германияда банкті тонап, 30 млн еуро ұрлап кетті: әлемді елең еткізген оқиға

Фото: x.com

Германияда Sparkasse банкіне жасалған ірі қарақшылық оқиғасы елді дүр сілкінтті. Ұрылар Рождество мерекесіне арналған ұзақ демалысты пайдаланып, банк ғимаратына көршілес ғимарат арқылы кіріп, қойма қабырғасын бұзып өткен.

Бұл туралы Qazaq.today порталы хабарлайды.

Олар банк ішіндегі шамамен 3200 сейфті бұзып, онда сақталған ақша, алтын және бағалы әшекейлерді қолды еткен. Болжам бойынша, шамамен 2700 клиент зардап шеккен. Қазіргі кезде ұрланған соманың нақты көлемі анықталып жатыр.

Ұры қалай кіріп, қалай қашып кеткен?

Қылмыскерлер көрші ғимарат арқылы банктің сейфтері орналасқан бөлмеге тесік жасап кірген. Мұндай әрекет бірнеше күн бойы дайындалған болуы мүмкін. Ресми мәліметтерге сүйенсек, банктегі заттардың нақты құны белгісіз, себебі банктер клиент сейфтерінің ішін тексере алмайды — онда қанша ақша, алтын немесе басқа құнды бұйым жатқаны құпия.

Полиция өкілі Томас Новачиктің айтуынша, шығын көлемі 10-нан 90 миллион еуро аралығында болуы ықтимал. Ал Deutsche Welle деректері бойынша, шамамен 30 миллион еуроға тең мүлік ұрланған.

Германия тарихындағы ең ауқымды ұрлық па?

Бұл оқиға Германияның қылмыстық тарихындағы ең ірі банктік ұрлықтардың бірі ретінде тіркелуі мүмкін. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмысты жасаған тұлғаларды анықтау және ұрланған заттарды табу үшін кең көлемде тергеу жүргізіп жатыр.

Оқиға Германиямен ғана шектелмей, халықаралық ақпарат құралдарының назарында тұр. Бұған дейін де Еуропада мұндай кәсіби деңгейде жасалған ұрлықтар сирек тіркелген.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика