Қазақстанда жүк көліктерінің ақылы жолмен жүру ақысы өзгеруі мүмкін
Фото: Ашық дереккөз
Қазақстанда жүк көліктерінің ақылы жолдармен жүру тарифтерін өзгерту ұсынылды. Жаңа жүйе отандық және шетелдік тасымалдаушыларға қатысты болмақ. Ал жеңіл көлік иелері үшін төлем тәртібі өзгермейді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин төрағалық еткен жұмыс тобының отырысында талқыланды.
Үкімет жүк көліктерінен түсетін төлем арқылы жолдарды күтіп ұстау және жөндеу шығындарын өтеуді көздеп отыр. Осы мақсатта бірнеше ұсыныс қарастырылған.
Атап айтқанда, ақылы жол тарифтерін көрші елдердегі бағамен сәйкестендіру, отандық тасымалдаушыларға жеңілдіктер беру және шетелдік жүк көліктеріне сақтандыру талабын енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ тасымалдаушы компанияларға жылдық абонемент енгізу, төлем мөлшерін көліктің салмағы мен экологиялық класына қарай белгілеу бастамалары көтерілді. Бұдан бөлек, жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық жүйе арқылы бақылау мәселесі де талқыланды.
Жұмыс тобы ұсыныстарды қараша айының соңына дейін пысықтап, келесі отырыста қарамақ. Әзірге жаңа тарифтердің нақты мөлшері мен төлем жүйесінің қашан өзгеретіні белгісіз.
Айта кетейік, ұсынылып отырған өзгерістер тек жүк тасымалдаушыларға қатысты. Жеке жеңіл көлік иелері үшін ақылы жолдармен жүру тәртібі өзгеріссіз қалады.
