Еуропалық Кеңестің баспасөз хабарламасында санкциялар сыртқы саясат сарапшыларына, Кремльмен тығыз байланысы бар немесе соған аффилиирленген талдау орталықтары мен университет қызметкерлеріне, сондай-ақ Ресейдің насихатын жүргізіп, Украинаға қарсы және НАТО-ға қарсы көзқарастарды тарататын пікір көшбасшыларына қарсы енгізілетіні айтылды. Олардың кейбірі — Батыс Еуропаның бұрынғы әскери қызметкерлері немесе полиция қызметкерлері.
ЧЕХИЯДАҒЫ ШАБУЫЛҒА ЖАУАП
2022-2023 жылдары Cadet Blizzard Чехия Республикасындағы аса маңызды инфрақұрылым элементіне шабуыл жасаған. Ол заңсыз жүйеге кіру және ұйымның ішкі желісінде қозғалу арқылы жүзеге асқан. Нәтижесінде барлау тұрғысынан құнды болуы мүмкін ақпарат ұрланған. Дегенмен, қолда бар деректерге сәйкес, бұл оқиға халықтың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірмеген.
ГЕРМАНИЯ БИЛІГІ РЕСЕЙДІ АЙЫПТАДЫ
Бірнеше күн бұрын Германия билігі Ресейді 2024 жылы әуе қозғалысын басқару жүйесіне кибершабуыл жасағаны және 2025 жылдың ақпанындағы Бундестагтағы мерзімінен бұрын өтетін сайлау алдында дезинформациялық науқан жүргізгені үшін айыптады. Берлиннің деректеріне сәйкес, бұл әрекеттердің артында ГРУ тұр.
Жаңа санкциялар Біріккен Араб Әмірліктерінде, Вьетнамда және Ресейде орналасқан, «көлеңкелі» танкерлерді басқаратын немесе иелік ететін кеме компанияларына да таралады.
Санкциялар активтерді бұғаттауды, қаржылық операцияларға тыйым салуды және Еуропалық Одақ елдеріне, тіпті транзитпен баруға да шектеу енгізуді қарастырады.
