Жалғас Жұмағұлов ACBJJ лигасымен келісімшарт жасасты
ACBJJ промоушны қазақстандық ММА файтері Жалғас Жұмағұловпен келісімшарт жасасқанын жариялады. Дебюттік жекпе-жегі 20 желтоқсанда Дубайда өтеді.
Сурет: sports.kz
Бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингті дамытатын ACBJJ промоушны қазақстандық ММА файтері, UFC-дің бұрынғы спортшысы Жалғас Жұмағұловтың (19-9) келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады. Бұл туралы лиганың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Лиганың ресми инстаграм-аккаунтында қазақстандық спортшының суреті мен ел туы бейнеленген постер жарияланды. «ACBJJ-ге қош келдіңіз, Жалғас Жұмағұлов», — делінген жазбада.
Бұған дейін 38 жастағы файтер жаңа ұйыммен келісімі төрт белдесуге есептелгенін мәлімдеген. Дебюттік жекпе-жегі 20 желтоқсанда Дубайда (БАӘ) өтетін турнирде болады. Қазақстандықтың бірінші қарсыласының есімі әзірге жарияланбай отыр.
21 қарашада Жұмағұлов еуропалық Oktagon MMA лигасынан кетуге шешім қабылдағанын және ең жеңіл салмақтағы чемпиондық белдігін өз еркімен босататынын хабарлаған. Ол бұл шешімін лайықты қарсыластардың жоқтығымен түсіндірген.
ACBJJ турнирлеріне ММА-ның танымал файтерлері, оның ішінде UFC өкілдері Арман Царукян, Мовсар Евлоев және Белал Мухаммад қатысады.
