Қаралы хабарды марқұмның жақын досы әрі әріптесі, саясаттанушы Андрей Чеботарев Facebook парақшасында естіртті. Ол марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Рүстем Құрманғожин Қазақстанның дипломатиялық мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі еді. Ол 1985 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) бітірген.
1986–2013 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жүйесінде еңбек етіп, уәкіл-кеңесші дәрежесіне дейін көтерілді. Осы кезеңде тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыру мен дамытуға елеулі үлес қосты.
Дипломатиялық қызметтен кеткеннен кейін Рүстем Құрманғожин ғылыми және ұстаздық жұмысқа ден қойды. Нархоз университетінің Гуманитарлық мектебінде қауымдастырылған профессор қызметін атқарды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында, КИМЭП, AlmaU және UIB университеттерінде дәріс оқыды.
Құрманғожин Қазақстан дипломатиясының тарихы мен халықаралық қатынастар тақырыбына арналған бірқатар кітап, монография және ғылыми мақаланың авторы. Олардың қатарында «Тәуелсіз Қазақстан тарихы: сыртқы саясат» және «Қазақстан Республикасы — Еуропалық одақ: Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығы (2000–2010)» атты еңбектері бар.
Ол өмірінің соңына дейін халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшы ретінде белсенді еңбек етті.
