Балиде нөсер жауын: ҚР СІМ ел тұрғындарына ескерту жасады
Сыртқы істер министрлігі осыған байланысты қазақстандықтардан өтініш түспегенін мәлімдеді. Ведомоство өкілдері қазір Балиге кіруге шектеу жоқ, алайда сапарды мұқият жоспарлауға кеңес беріп отыр, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Индонезияның Бали аралына сапар шекпек болған азаматтарға үндеу жасады. Аралда нөсер жауыннан кейін кейбір аймақтарды су басты.
Көшелерде көлік қозғалысы мүлдем қиындап, құтқарушылар адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялауға мәжбүр.
«Балиде толассыз жауған жауын-шашын Индонезиядағы жыл сайынғы жаңбыр маусымына байланысты. Жергілікті билік әзірге аралға кіруге және баруға шектеу енгізген жоқ. Халықаралық әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. ҚР СІМ азаматтарға сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеруге және жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға кеңес береді», – делінген ресми хабарламада.
Индонезияның Бали аралында нөсер жаңбыр толастар емес. Салдарынан негізгі туристік аудандардағы көшелер су астында қалды.
The Bali Times газетінің жазуынша, толассыз нөсерден туристер жиі баратын Кута мен Семиньяк аймақтары қатты зардап шеккен. Туристердің су басқан жолдармен қол жүктерін көтеріп жүр. Ал кейбір көліктер мен мотоциклдер сапарын ары қарай жалғастыра алмады.
