Жерар Депардье жас актрисаны зорлады деген айыппен сотқа тартылады
Француз актері Жерар Депардье 2018 жылы актриса Шарлотта Арнуды зорлады деген айыппен сотқа тартылады. Париж апелляциялық соты бір эпизод бойынша істі қарауға рұқсат берді.
Фото: Reuters
Француз киносының атақты актері Жерар Депардье 2018 жылы актриса Шарлотта Арнуды зорлады деген айып бойынша сот алдында жауап береді. Бұл шешімді Париждің апелляциялық соты қабылдады. Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
2018 жылы сол кезде 22 жаста болған актриса Шарлотта Арну спектакльге дайындалу үшін Жерар Депардьенің Париждегі үйіне барған. Актрисаның айтуынша, сол жерде актер оны зорлаған. Арну бұл туралы бірнеше күннен кейін құқық қорғау органдарына хабарлап, Депардьеге қарсы арыз түсірген. Актриса істі ашық қарауға келіскен.
Актриса 77 жастағы Депардьені екі рет зорлады деп айыптап отыр. Алайда актер тағылған айыптарды мойындамайды. Ол 2023 жылы Le Figaro газетінде жарияланған ашық хатында Арнумен қарым-қатынасы кезінде ешқандай күш көрсету немесе мәжбүрлеу болмағанын жазған.
Жерар Депардье бірнеше онжылдық бойы француз және әлемдік киноның танымал жұлдыздарының бірі болды. Француз кинематографиясына сіңірген еңбегі үшін осыдан 30 жыл бұрын Құрметті легион орденімен марапатталған. Алайда соңғы жылдары #MeToo қозғалысынан кейін бірнеше әйел актерді түсірілім алаңында және басқа да жағдайларда жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деп айыптады. Францияда бұл қозғалыс Balance ton porc (Бұл оңбағанды әшкереле) деген атаумен белгілі.

Былтыр Депардье Парижде 2021 жылы түсірілген “Жасыл жапқыштар” (Les Volets Verts) фильмінің алаңында екі әйелге күш көрсетті деген айыппен 18 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жыныстық сипаттағы құқық бұзушылық жасағандар тізіміне еніп, жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттелді. Өткен аптада актер осы үкімге қатысты апелляциялық шағымын қайтарып алып, талап қоюшылардан “шын жүректен кешірім сұрады”.
Сот екі эпизодтың біреуі бойынша ғана шешім шығарды. Депардье Шарлотта Арнудың әкесімен дос болған. 2018 жылы 7 тамызда актриса актердің Париждегі үйіне барған. Сол күні болған оқиғаның бір бөлігі үйге орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Алғашында Арнудың арызы дәлел жеткіліксіз деген себеппен қанағаттандырылмаған. Алайда актриса бұл шешімге шағым түсіріп, 2020 жылдың жазында іс бойынша ресми тергеу басталған. 26 қараша күні сот ғимаратының алдында журналистерге пікір білдірген Шарлотта Арнудың адвокаты Карин Дюрье-Дьеболь апелляциялық соттың шешімінен кейін қорғауындағы әйелдің “шын мәнінде жеңілдік сезінгенін” айтты.
Дегенмен апелляциялық сот актриса таққан екі айып бойынша екі түрлі шешім қабылдады. Сот 2018 жылы 7 тамыздағы оқиғаға қатысты Депардьені сотқа тарту туралы шешім шығарды. Ал алты күннен кейін қонақүйде болған делінетін екінші зорлау эпизоды бойынша істі сотқа жіберуден бас тартты. Осыған байланысты актердің адвокаты Давид-Оливье Камински сот шешімін ішінара өз пайдасына қабылданған шешім деп бағалады. Оның айтуынша, қорғау тарапы істі келесі сот сатысына дейін жеткізуі мүмкін.
Депардьеге қатысты тағы бір іс тергеліп жатыр. Жерар Депардье жазушы Мишель Уэльбекпен бірге тағы бір жыныстық сипаттағы қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Өткен аптада Франция билігі француз басылымдары мен BBC таратқан ақпаратты растап, екі өнер иесіне қатысты айыптаулар бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, 2018 жылы екеуімен бірге Thalasso (Спа) фильмінде түскен актриса Депардье мен Уэльбекті топ болып зорлады деп айыптады. BBC мәліметінше, әйел бұл іс бойынша арызды 2025 жылдың мамырында берген. Оның аты-жөні ресми түрде жарияланбаған. Десе де француз басылымдары кім екенін анықтаған.
