Netflix сериалында Алматы көріністері пайда болды
Netflix-тегі «Көк жол» корей-жапон детективтік триллерінің сегізінші сериясында Алматының «Алматы-2» вокзалы мен қала көріністері пайда болды. Сериал 20 қарашада шықты.
Фото: threads.com/@a_kurganbayeva
Netflix платформасында 20 қарашада сегіз сериядан тұратын «Көк жол» атты жаңа корей-жапон детективтік триллері жарық көрді. Көрермендер оның кадрларынан Алматының таныс көріністерін байқаған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Сериалдың сюжеті бойынша корей және жапон детективтері екі елде болған қатыгез қылмыстарды тергеу үшін күш біріктіреді. Қылмыс орындарынан әртүрлі тілдегі жұмбақ хабарламалары бар мәйіттер табылады. Басты рөлдерді оңтүстіккорейлік актер Сон Сок-ку мен жапон актері Эйта Нагаяма сомдаған.
Қазақстан сегізінші серияда көрінеді. Сюжет бойынша басты кейіпкерлердің бірі пойызбен елге келіп, тергеуді жалғастыруға көмектесетін жергілікті криминалдық беделді тұлғамен кездеседі. Финалдың бір бөлігі де Қазақстанда өрбиді. Кадрда «Алматы-2» теміржол вокзалы мен қала көріністері байқалады. Бұл жайт Threads әлеуметтік желісінің қолданушыларының назарын аударған.
Желі қолданушылары Алматыны танығанымен, оның сериалда қалай көрсетілгеніне таңырқаған. Кейбіреулер ескі ғимараттар мен қаланың жалпы бейнесіне назар аударған. «Көк жол» сюжеті 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапония бірлесіп өткізген футболдан әлем чемпионаты кезінде өрбиді. Сондықтан сериал жасаушылар 2000-жылдар басының атмосферасын қайта жаңғыртқан. «Көк жолдың» барлық сегіз сериясы Netflix-те қолжетімді.
