Айгүл Иманбаева: келін ата-енені де тәрбиелейді
Айгүл Иманбаева келіннің ата-енені тәрбиелейтінін айтып, отбасындағы жеке шекараны құрметтеу жайында ой бөлісті.
Сурет: sn.kz
Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева Динара Сәтжанға берген сұхбатында келін мен ата-ененің қарым-қатынасы жайында өз ойын ашық білдірді. Өнер иесінің пайымдауынша, келін жаңа отбасына ғана бейімделіп қоймай, ата-енесіне де өзіндік тәрбие береді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Айгүл Иманбаева келіннің отбасындағы орны туралы әңгіме қозғап, оның келуімен үйдегі үлкендердің де кейбір әдеттері өзгеретінін айтты.
«Келін үйге сені тәрбиелеу үшін келеді. Ата-енені тәрбиелеу. Мысалы, шорты киіп жүретін аталар шалбар киіп шығады. Майкамен шықпайды. Енеде күйеуіне ұрыса салатын бала көзінше, келін келгенде жайлап көзбен ұрысады. Оның бәрі тәрбие ғой, үйге келген келін ата-енесін тәрбиелейді», – деді актриса Айгүл Иманбаева.
Сонымен қатар өнер иесі ұлы есейген сайын оның жеке кеңістігін құрметтеуді үйренгенін жеткізді. Ал ұлы шаңырақ көтергеннен кейін оның бөлмесіне мүлде кірмейтін болған.
Әншінің сөзінше, отбасында әр адамның жеке шекарасын құрметтеу маңызды. Келіннің келуі де үй ішіндегі қарым-қатынас пен қалыптасқан әдеттерге өзіндік өзгеріс әкеледі.
