Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 11 қараша 2026 $ 447,7↓€ 502,7↑₽ 5,43↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Семейлік 60 жастағы экс-мұғалім түнде автобус жуып, TikTok-та танымал болды

    Семейлік 60 жастағы экс-мұғалім Индира Әбжанова 90-жылдары бар жиған-тергенінен айырылып, бүгінде түнгі ауысымда автобус жуып, TikTok-та танымал болды.

    Семейлік 60 жастағы экс-мұғалім түнде автобус жуып, TikTok-та танымал болды

    Фото: Tiktok.com/@konduktor_indira

    60 жастағы семейлік Индира Әбжанова бүгінде түнгі ауысымда автобус жуып, бос уақытында TikTok-қа видео түсіреді. Бұрын мектепте бала оқытқан, кейін күнкөріс қамымен талай жұмыстың басын қайырған әйел әлеуметтік желіде танымал болуды ешқашан мақсат етпеген. Ол жалғыз өзі бала өсіріп, 90-жылдары бар жиған-тергенінен қалай айырылғанын және TikTok-та қалай танылғанын айтып берді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Индира Әбжанова еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Кеңес Одағы тұсында ол Семей қаласындағы №40 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Алайда елдегі саяси-экономикалық өзгерістер оның да өмірін күрт өзгертті.

    1992 жылы Индира дүниеге сәби әкелді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қиын кезеңде халықтың тұрмысы төмендеп, жалақы кешіктіріліп, көптеген отбасы күнкөрістің қамымен түрлі кәсіпке бет бұрған еді. Жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған Индира да мұғалімдік қызметін тастап, сауда жасауға мәжбүр болған.

    «Баламды жалғыз өсірдім. Отбасымды асырау үшін мектептегі жұмысымды тастап, саудаға кеттім. Бірақ тапқан табысымды сақтап қала алмадым. 90-жылдардағы рэкеттің кесірінен бар жиған-тергенімнен айырылдым», – деп еске алды ол.

    Осылайша бір кездері шәкірт тәрбиелеген ұстаз отбасын асырау үшін базар жағалап, саудамен айналыса бастаған. Алайда кәсібінен айырылған соң, қайтадан тұрақты жұмыс іздеуге тура келеді. Кейін Индира Әбжанова Ұлттық ядролық орталықта ұзақ жыл еңбек еткен. Дегенмен туған қаласы Семейге деген сағынышы басылмай, ақыры елге оралуды ұйғарады. Бірақ туған жеріне оралғаннан кейін де тұрмыстық қиындықтардан бірден құтыла қоймаған.

    2002 жылы қаржы тапшылығы оны тағы да қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүрледі. Ай сайынғы жалақысы күнделікті шығынға жетпей, баласының қажетіне ақша табу үшін кез келген жұмысты істеуге дайын болған. Ол базарда аула сыпырушы болып жұмысқа орналасып, күндіз де, түнде де еңбек еткен. Кейін сауда үйінде еден жуушы болып, ауысыммен жұмыс істеген. Уақыт өте келе көкөніс саудасына қайта оралған. Алайда тапқан табысы азық-түлік пен күнделікті қажеттіліктен артылмаған.

    Бірнеше жыл бойы саудамен айналысқанымен, 2015 жылға қарай бұл кәсіптің де берекесі кете бастаған. Тауар сатудан түсетін табыс азайып, Индира тағы да жұмыс ауыстыруға мәжбүр болады.

    Күнкөрістің қамымен түрлі кәсіпті байқап көрген әйел кейін автобус паркінде кондуктор болып жұмыс істеу туралы шешім қабылдаған. Бір қызығы, Индира үшін бұл қызмет өміріндегі ең жақсы кезеңдердің біріне айналыпты. Күн сайын түрлі адамдармен кездесіп, жолаушылармен әңгімелесіп, ескі таныстарын көру оған ерекше қуаныш сыйлаған.

    «Керемет уақыт еді. Жолаушылармен сөйлескенді қатты жақсы көретінмін. Автобуста таныстарымды, бұрынғы әріптестерімді, тіпті өзім сабақ берген оқушыларымды да жиі кездестіретінмін», – дейді ол.

    Алайда бұл қызметі де ұзаққа созылмады. 2025 жылы автобус паркіндегі кондуктор лауазымы қысқартылып, Индира тағы да жұмыссыз қалды. Ол кезде әйелдің мойнында несиесі бар еді. Сондықтан тұрақты табыссыз қалуға мүмкіндігі болмаған. Автобус паркінің басшылығы оған басқа жұмыс ұсыныпты. Осылайша бұрын жолаушылармен жұмыс істеген Индира түнгі ауысымда автобус жуушы болып орналасады. Қазір 60 жастағы әйел жұрт ұйқыға кеткенде автобус тазалап, қоғамдық көліктерді келесі жұмыс күніне дайындайды.

    Индира Әбжанова әлеуметтік желіде танымал болуды ешқашан армандамағанын айтады. Оның TikTok-та видео жариялауының да өзіндік тарихы бар. Баласы есейіп, жұмыс бабымен басқа өңірге көшіп кеткенде, Индира оны қатты сағынған. Алыста жүрген баласымен байланысты үзбеу үшін екеуі бір-біріне қысқа бейнежазбалар жіберіп тұрған. Кейін әйел туған қаласы Семейдің көшелерін, таныс жерлерін және қаладағы өзгерістерді видеоға түсіре бастайды. Осылайша ол баласына туған қаласының тыныс-тіршілігін көрсетіп, сағынышын басуға тырысқан.

    Уақыт өте келе телефонында жиналған бейнежазбалардың көбейгені сонша, құрылғының жады толып қалған. Индира видеоларын өшіріп тастамау үшін оларды TikTok желісіне жүктеуді ұйғарған. Алғашында тек баласына көрсету үшін түсірілген видеолар бірте-бірте көпшіліктің назарын аудара бастайды. Желі қолданушылары оның жазбаларына пікір қалдырып, Семейдің таныс көшелерін көргендер естеліктерімен бөліседі. Кейбірі әйелдің видеолары көңіл күйлерін көтеретінін айтып, алғыс білдірген.

    Бұрын мұғалім болған ол адамға жақсы көңіл күй сыйлаудың қаншалық маңызды екенін жақсы түсінетінін айтады.

    «Адамды жылату немесе мұңайту оңай. Ал біреудің шын көңілден күліп, қуануына себепші болу – үлкен еңбек», – дейді Индира Әбжанова.

    Қазір ол TikTok-та туған қаласының көріністерін, көшелерін, күнделікті өмірін көрсетіп, көрермендеріне жақсы көңіл күй сыйлауға тырысады. Өзі күтпеген жерден желі қолданушыларының ықыласына бөленген әйел әлеуметтік желідегі белсенділігін табыс табудың жолы емес, жанға жақын ермек ретінде қабылдайды. Оның айтуынша, адамдардың жылы пікірлері мен алғысы күнделікті жұмыстан кейінгі шаршауын басып, жаңа видео түсіруге шабыттандырады.

    Индира Әбжанова өмірінде талай қиындықты бастан өткергеніне қарамастан, тағдырына өкпе артпайтынын айтады. Бір кездері мұғалім болған әйел кейін саудамен айналысып, базарда аула сыпырып, еден жуып, кондуктор болып еңбек еткен. Ал бүгінде 60 жасында түнгі ауысымда автобус жуып жүр. Дегенмен ол ешбір еңбекті ар санамайды. Қандай жұмыс істесе де, адал табыс тауып, өмір сүруге мүмкіндік болғанына шүкіршілік етеді. Қазір әйелдің күнделікті тіршілігі түнгі жұмыс пен сүйікті ісі – видео түсірудің арасында өтіп жатыр.

    Келер уақытта Индира зейнет демалысына шығып, немерелеріне көбірек уақыт бөлуді армандайды.

    «Өміріме еш өкпем жоқ, бәріне шүкір деймін. Ең бастысы – аман-сау жүргеніміз. Ал дүние-мүлікті о дүниеге алып кетпейміз ғой», – деп түйіндеді ол.

    Тағдырдың талай сынағынан өткен 60 жастағы семейлік әйел еңбек етуді де, өмірдің кішкентай қуаныштарынан бақыт табуды да ұмытпаған. Бүгінде ол түнде автобус жуып, бос уақытында TikTok арқылы өзгелерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүр.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →