«Биылдыққа үшінші ота»: директор Ақмоншақ Нұртаза елді алаңдатып қойды
Фото: әлеуметтік желі
Директор әрі әлеуметтік желіде белсенді Ақмоншақ Нұртаза денсаулығына қатысты жағдайын айтып, жыл басынан бері үш рет ота жасатқанын мәлімдеді. Ол кезекті операциядан кейін ауруханадан шыққанын хабарлап, өзіне қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Бұл туралы Ақмоншақ Нұртаза Threads әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды. Ол ауруханада жатқан сәтінен сурет жариялап, биылғы жыл өзі үшін денсаулық тұрғысынан оңай болмағанын жеткізді.
«Отадан осы жаңа шықтым. Қуанышты да, қайғыда да бір болған алтын оқырмандарым, қолдау сөздеріңіз, жылы лебіздеріңіз, дұға тілектеріңізге рақмет.
Биыл денсаулық жылы болды. Жылдың басынан бері 3 ота болды, Алла қолдасын», – деп жазды ол.
Ақмоншақ Нұртаза оқырмандарына денсаулықтың қадірін білуге кеңес беріп, өмірдегі қалған мәселелердің барлығы уақытша екенін атап өтті.
«Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, қалғаны бәрі өткінші», – деді ол.
Сондай-ақ ол өзіне медициналық көмек көрсеткен дәрігерге арнайы алғыс білдірді.
Жарияланған суретте оның аурухана төсегінде жатқаны және мұрнына таңғыш қойылғаны байқалады.
Әзірге Ақмоншақ Нұртаза қандай диагнозбен ота жасатқанын және бұған дейінгі операциялардың себептерін нақтыламады.
