Beeline интернетінің сапасына қатысты халық наразылығы күшейді
Beeline интернетінің жылдамдығы айдың соңында төмендейтінін айтқан қазақстандықтар әлеуметтік желіде наразылық білдіріп, байланыс сапасын жақсартуды талап етуде.
Дереккөз: Threads: @assem_baimukan
Қазақстандықтардың интернет сапасына қатысты шағымы әлеуметтік желіде қайтадан қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының айтуынша, әр айдың 30-31 күндері Beeline интернетінің жылдамдығы күрт төмендеп, байланыс сапасы нашарлайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Абоненттер қызмет ақысын толық төлегенімен, уәде етілген сапаны ала алмай отырғандарына наразы. «Қызмет ақысын қыруар ақша төлейміз, бірақ сапасы көңіл көншітпейді», – деп ашынған азаматтар ұялы байланыс операторының жұмысына сын айтып жатыр.
Көпшіліктің сөзінше, бұл мәселе ай сайын қайталанып, әбден мезі еткен. Тіпті кейбір желі қолданушылары тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында операторды жаппай сотқа беруді ұсынып отыр.
«Интернеттің бағасы қымбаттағанымен, сапасы 15 жыл бұрынғы деңгейде қалып қойған», – деп наразылық білдірген жұртшылық байланыс сапасын жақсартуды талап етуде.
