Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер толтыратын 25 құжаттан бес-ақ қағаз қалдыратынын мәлімдеді
Фото: Мәжіліс
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер міндетті түрде жүргізуге тиіс құжаттар тізімін 25-тен 5-ке дейін қысқартты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Айта кетейік, 2020 жылы бекітілген №130 бұйрыққа сәйкес, білім беру ұйымдарының мұғалімдері 25 түрлі құжат жүргізуге міндетті еді. Енді бұл көрсеткіш әлдеқайда қысқарып, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетпек.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагогтердің жұмысын бюрократиядан арылту мақсатында Министрлік бұл құжаттар тізбесін 5-ке дейін қысқартуды көздеп отыр», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қысқартылған тізімге сабақ жоспары, электронды журналға оқушылардың үлгерімін енгізу, қосымша білім беру педагогтерінің сабақтан тыс жұмысын есепке алу журналы, сынып жетекшілерінің «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жоспары және сұраныс бойынша оқушыларға берілетін мінездеме кіреді.
Жұлдыз Сүлейменова осы өзгерістерге байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізілетінін айтты.
