«Бурабайды бөліп алды ма?»: Орманды қоршап, құрылыс бастағандар халықтың ашуын тудырды
Фото: видеодан скрин
Бурабай табиғат қорғау аймағындағы орман алқабының қоршауға алынып, бейберекет құрылыс жүріп жатуы жұрттың қатаң наразылығын тудырды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Щучинск қаласындағы санатория маңындағы табиғи аймақ пен жануарлар жүретін соқпақтарға дейін сыммен қоршалып қалғаны анық көрсетілген.
Жергілікті тұрғындар «бұлай кетсе, орманға мүлде аяқ баса алмай қаламыз» деп ашынып, бұл заңсыздыққа жауапты мекемелердің қалай рұқсат бергенін сұрап отыр.
Қоғам белсенділері мен қала тұрғындары мемлекеттік қорғаудағы орман қорының жеке адамдардың немесе компаниялардың меншігіне өтіп кетуіне қатысты дабыл қағуда.
Тұрғындар бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, тиісті министрлік пен Ақмола облысы мен Бурабай ауданының әкімдіктерінен шұғыл түсініктеме беруді талап етіп отыр.
Әзірге бұл түйткілді жағдайға қатысты ресми органдар тарапынан ешқандай жауап берілген жоқ.
Дереккөз/тредс: @aina_amedi
