Төрт алтын, 11 медаль: Алматы спортшылары Азия Пара ойындарында Қазақстанның жүлде қорын толықтырды
Фото: Алматы әкімдігі
Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында 18–24 қазан аралығында өткен V Азия Пара ойындарында алматылық спортшылар 11 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын, алтауы – күміс, біреуі – қола. Бұл туралы Алматы қаласының Спорт басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Алматы спортшылары Қазақстан құрамасы жеңіп алған алтын медальдардың үштен бірін және жалпы жүлделердің 22 пайызын иеленді. Ұлттық құрама Азия Пара ойындарын 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады.
Алматылық спортшылардың жетістігіне паравелоспорт өкілдері айрықша үлес қосты. Олар трек пен тасжолдағы жарыстарда тоғыз медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын, төртеуі – күміс, біреуі – қола.
Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова Азия Пара ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Олар уақытқа жеке жарыста және 55 шақырымдық тасжолдағы топтық бәсекеде топ жарды. Сонымен қатар спортшылар тректегі 4000 метрлік жарыста күміс медаль иеленді.
Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев те екі алтын медаль жеңіп алды. Алматылық жұп 20 шақырымдық уақытқа жеке жарыста және 65 шақырымдық топтық жарыста қарсыластарынан басым түсті.
Кирилл Ильюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский үш мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Олар тасжолдағы екі жарыста күміс медаль иеленсе, тректегі 4000 метрлік бәсекеде қола жүлдегер атанды.
Жұлдыз Қайнарова мен оның пилоты Анжела Соловьева әйелдер арасындағы 55 шақырымдық топтық жарыста күміс медаль жеңіп алды. Осылайша, аталған бағдарламада алматылық екі жұп бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті.
Алматы спортшылары ерлер арасындағы тасжолдағы екі жарыста да алғашқы екі орынды иеленді.
Паравелоспорттан бөлек, алматылық спортшылар парадзюдо мен парапауэрлифтингтен тағы екі күміс медаль еншіледі.
Жанбота Аманжол парадзюдодан J2 санатында 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орын алды. Ол 2023 жылғы Азия Пара ойындарындағы нәтижесін қайталап, қатарынан екінші рет күміс жүлдегер атанды.
Ал Алина Солодухина парапауэрлифтингтен 45 келіге дейінгі салмақта 103 келіні көтеріп, күміс медаль жеңіп алды. Бұған дейін ол 2018 жылғы Азия Пара ойындарында қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Жалпы, V Азия Пара ойындарында Алматы қаласының намысын спорттың алты түрінен 20 спортшы қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша алматылық спортшылар Қазақстан құрамасының 50 медалінің 11-ін жеңіп алып, ұлттық команданың жалпы нәтижесіне елеулі үлес қосты. Әсіресе төрт алтын медальдің Алматы өкілдеріне тиесілі болуы қала спортшыларының паравелоспорттағы жоғары нәтижесін көрсетті.
