Тоқаевтың жаңа жолдауы: сарапшылар не күтеді
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Тоқаевтың жаңа жолдауында қандай мәселелер көтерілуі мүмкін екенін айтты: өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, жасанды интеллект.
Сурет: qaz.ulysmedia.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда сағат 11:00-де Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жариялайды. Іс-шараға Құрылтай депутаттары, үкімет мүшелері мен Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам және еңбек ұжымдарының өкілдері қатысады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, жаңа жолдауды бұған дейін қабылданған шешімдерден бөлек қарастыруға болмайды. «Әр жолдау – бәрін жаңадан бастау емес, ұзақ мерзімді стратегияны жетілдіріп, толықтырып отырудың бір жолы. Жолдаулар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындайды. Қазір үкімет алдыңғы жылдары, соның ішінде 2024 және 2025 жылдардағы жолдауларда берілген тапсырмаларды орындауды жалғастырып келеді», – деп жазды ол.
Саясаттанушы мысал ретінде өңдеу өнеркәсібін атады. Жеңіл өнеркәсіп 80,1%-ға, химия өнеркәсібі 26,9%-ға, машина жасау саласы 22%-ға өскен. Өңдеу секторының үлесі 46,7%-ға жетіп, алғаш рет тау-кен өнеркәсібінің 45,8% көрсеткішінен тұрақты түрде асып түсті.
Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарын да жалғастырып келеді. Биыл пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін іздеуге арналған 20 жоба қолға алынды. Әбішев бұл жұмыстың өзектілігін халықаралық серіктестердің сирек кездесетін және сирек жер металдарына қызығушылығымен байланыстырады.
Саясаттанушы талдауының едәуір бөлігін инфрақұрылымдық жобаларға арнады. Су саласында Қазақстан екі құжатты басшылыққа алады. Олар – 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы және 2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар. Бұл құжаттарда 42 жаңа су қоймасын салу және қолданыстағы 37 су қоймасын қайта жаңғырту көзделген. Сонымен қатар 14,5 мың шақырым канал жаңғыртылып, кемінде 3,5 мың шақырым суару желісі цифрландырылмақ. Сумен үнемді жұмыс істеу технологиялары енгізіліп, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау жүйесі жетілдіріліп жатыр.
Теміржол желісін дамыту жұмыстары да жалғасуда. Кейінгі бес жылда елде шамамен 5 мың шақырым жол салынды және жаңғыртылды. «Достық – Мойынты» және «Алматы станциясын айналып өту» жобалары аяқталғаннан кейін Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар және Аягөз – Бақты бағыттарындағы желілердің құрылысы басталды. Алдағы үш жылда тағы 2,2 мың шақырым теміржол салу және жаңғырту мәселесі қарастырылып жатыр.
«Кейінгі бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалының көлемі 5,6 есе өсіп, 800 мың тоннадан 4,5 млн тоннаға жетті. Жалпы, көлік саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі қазірдің өзінде – 6,1%. Бұдан бөлек, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, цифрландыру, білім беру жүйесін реформалау, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту міндеттері бар», – дейді саясаттанушы.
Сарапшы көлік саласындағы нәтижелердің қатарында транзиттік тасымалдың жалпы көлемі 33 млн тоннаға жеткенін және кіріс 3 трлн теңгеден асқанын да атап өтті.
Ішкі міндеттермен қатар Ғазиз Әбішев халықаралық сын-қатерлерге де назар аударды. Соның бірі – әлемнің әртүрлі аймақтарындағы әскери қақтығыстар аясындағы энергетикалық қауіпсіздік мәселесі. Саясаттанушы жағдайдың тұрақсыздығына назар аударып, күрт өрлеу кезеңі тез арада құлдырауға ұласуы мүмкін екенін атап өтті.
Тағы бір маңызды фактор – технологиялық революция. Жасанды интеллект дамыған және дамушы елдердің экономикасына белсенді енгізіліп жатыр. Алайда бұл үдерістің салдарын әзірге толық бағалау қиын.
«Дамыған және дамушы елдердің экономикасын шарпыған жасанды интеллект төңірегіндегі дүрбелең бар. Кей тұста жасанды интеллект күткен нәтижеден асып түссе, кейбір үміт шамадан тыс жоғары болуы мүмкін. Қазақстанның жағдайы қолайлы: халықаралық корпорациялармен бірлесіп деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) салып жатыр. Сонымен қатар өзгелердің тәжірибесіне сүйеніп, қателіктерден аулақ болуға мүмкіндік беретін маневр кеңістігі бар. Ел инновацияларға ашық, жасанды интеллектіні бейімдеу мен дамыту үшін адами капиталға және инфрақұрылымға инвестиция салып келеді», – деп есептейді Әбішев.
Саясаттанушының пікірінше, жаңа технологияларды дамыту бизнеске ғана емес, мемлекеттік институттарға да икемділік талап етеді. Өзгерістер тауарлар мен қызметтер өндірісіне, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына, сондай-ақ басқару жүйесіне әсер етеді. Сарапшының болжамынша, бұл мәселелер президенттің жолдауында көтерілуі мүмкін. Кейін белгіленген міндеттер қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен тапсырмалар аясында орындалуға тиіс.
