Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 23 қазан 2026 $ 448,0↓€ 503,7↓₽ 5,50↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Астанада Республика күніне орай «Тарихи сәт» атты зиялы қауым кездесуі өтті • Ұлттық банк базалық ставканы төмендетті • Қазақстанның көк байрағы Уолл-стритте желбіреді (ВИДЕО) • Иллюзияға сенген астаналықтар 413 млн теңгесінен айырылды • Әлемге әйгілі жапон жазушысы Рю Мураками 74 жасында өмірден өтті • Дұшпан алыстан келмейді»: 4500 жетімге пана болған Әмина апа өміріндегі қиындықтары туралы айтты (ВИДЕО) • Астанада Республика күніне орай «Тарихи сәт» атты зиялы қауым кездесуі өтті • Ұлттық банк базалық ставканы төмендетті • Қазақстанның көк байрағы Уолл-стритте желбіреді (ВИДЕО) • Иллюзияға сенген астаналықтар 413 млн теңгесінен айырылды • Әлемге әйгілі жапон жазушысы Рю Мураками 74 жасында өмірден өтті • Дұшпан алыстан келмейді»: 4500 жетімге пана болған Әмина апа өміріндегі қиындықтары туралы айтты (ВИДЕО) •

    Әлемге әйгілі жапон жазушысы Рю Мураками 74 жасында өмірден өтті

    Әлемге әйгілі жапон жазушысы Рю Мураками 74 жасында өмірден өтті
    Рю Мураками. Фото: jiji Press

    Жапонияның белгілі жазушысы, режиссер әрі беделді әдеби сыйлықтардың иегері Рю Мураками 74 жасында дүниеден өтті. Қаламгердің қазасы туралы Gentosha баспа үйі ресми хабарлады, деп жазады Qazaqtoday.info.

    Баспа өкілдерінің мәліметінше, жазушы 2026 жылдың 17 қазанында өз үйінде қайтыс болған. Оның дүниеден өткені туралы ақпарат 23 қазанда жарияланды.

    Марқұммен қоштасу рәсімі отбасы мүшелері мен жақындарының қатысуымен өткен. Жазушының туыстары көпшіліктен отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.

    Сондай-ақ олар гүл шоқтарын, ақшалай қайырымдылық пен көңіл айту хаттарын жібермеуді және журналистерден сұхбат алу үшін мазаламауды өтінген.

    Қаламгердің өлім себебі әзірге жарияланған жоқ.

    Рю Мураками кім болған?

    Рю Мураками 1952 жылы Жапонияның Нагасаки префектурасындағы Сасебо қаласында дүниеге келген.

    Ол жастайынан әдебиетке қызығушылық танытып, кейін Жапонияның заманауи әдебиетіндегі танымал қаламгерлердің біріне айналды.

    1976 жылы жазушының алғашқы романы – «Шексіз мөлдір көк» жарық көрді. Бұл туынды жас жазушыға бірден танымалдық әкелді.

    Роман Жапониядағы ең беделді әдеби марапаттардың бірі – Акутагава атындағы сыйлыққа ие болды. Шығарма миллиондаған данамен таралып, оқырмандар арасында кеңінен танылды.

    Рю Мураками шығармаларында қоғамдағы қайшылықтарды, жастардың өмірін, жалғыздықты, зорлық-зомбылық пен адам психологиясындағы күрделі мәселелерді жиі қозғаған.

    Оның ерекше жазу мәнері мен өткір тақырыптары көптеген оқырманның назарын аударды.

    Жазушының ең танымал шығармалары

    Рю Мураками шығармашылық ғұмырында 40-тан астам роман жазған.

    Оның кеңінен белгілі туындыларының қатарында «Шексіз мөлдір көк», «Жүк сақтайтын ұяшықтағы балалар» және «Мисо-сорпада» романдары бар.

    1980 жылы жарық көрген «Жүк сақтайтын ұяшықтағы балалар» шығармасы да жоғары бағаланып, жазушыға Нома атындағы әдеби сыйлықты алып келді.

    Ал «Мисо-сорпада» романы үшін ол 1998 жылы Ёмиури әдеби сыйлығына ие болды.

    Қаламгердің шығармалары бірнеше тілге аударылып, Жапониядан тыс жерлердегі оқырмандарға да танылды.

    Әдебиеттен бөлек кино мен теледидарда еңбек етті

    Рю Мураками тек жазушылықпен шектелмей, режиссура саласында да жұмыс істеген. Ол өз шығармаларының желісі бойынша түсірілген фильмдерге қатысқан.

    Сонымен қатар жасөспірімдерге мамандық таңдауға көмектесетін «13 жастағыларға арналған Hello Work» атты танымдық кітап жазды. Бұл еңбек Жапонияда кең таралып, көпшілікке танымал болды.

    Жазушы шамамен 20 жыл бойы жапон телевизиясындағы «Камбрий сарайы» экономикалық бағдарламасын жүргізген. Бағдарламада кәсіпкерлермен, компания басшыларымен және түрлі сала мамандарымен сұхбаттасқан.

    2026 жылдың көктемінде ол тележобадағы жүргізушілік қызметін аяқтаған болатын.

    Рю Мураками әдебиет, кино және телевизия салаларында ұзақ жыл еңбек етіп, Жапонияның мәдени өмірінде өзіндік із қалдырды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →