Алматыда жол ережесін бұзған блогер Назар Ролланға іздеу жарияланды
Алматыда жол ережелерін бұзған видеоларымен танылған блогер Назар Ролланға іздеу жарияланды. Ол төбелеске қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті.
Фото: instagram.com/nazarrollan
Алматы көшелерінде жол ережелерін бұзған видеоларымен танымал болған қазақстандық блогер Назар Ролланға іздеу салынды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Блогер туралы дерек құқық қорғау органдарының іздеудегі адамдарға арналған порталында шықты. Ол «Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген адамдар» бөлімінде жарияланған.
Порталдағы мәліметке қарағанда, Назар Роллан 1998 жылы 14 қаңтарда дүниеге келген, қазір 28 жаста. Оған қатысты іздеу ісі бүгін тіркелді. Іздеу шараларын Алматы қаласы полиция департаментінің Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында блогердің төбелеске байланысты қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылғанын жазды.
Козачковтың айтуынша, Назар Ролланды жауап беруге шақырғанымен, ол полицияға келмеген. Тергеу әрекеттерінен жалтаруына байланысты оған іздеу жарияланған.
Михаил Козачков блогердің шетелге шығып кеткенін, Қазақстан аумағында еместігін алға тартты.
Еске салсақ, бұған дейін атышулы блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы жазған едік.
