Ақтөбе облысында алғашқы қар жауып, жолдар тайғақ
Ақтөбе облысында алғашқы қар жауып, Хромтау мен Мәртөк аудандарында қалың қар түсті. Синоптиктер жауын-шашын мен желдің күшеюін ескертіп, полиция жүргізушілерді сақ болуға шақырды.
Фото: ЖИ
Қазақстанның батыс өңірлерінде ауа райы күрт суытып, алғашқы қар түсті. Ақтөбе облысы мен көршілес аймақтардың тұрғындары қар басқан көшелер мен тасжолдардың видеоларын әлеуметтік желілерде бөлісе бастады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Әсіресе Хромтау және Мәртөк аудандарында қар қалың түскені байқалады. Желіде тараған кадрлардан елді мекендердің көшелері, аулалар мен жол жиектері ақ ұлпаға оранғанын көруге болады.
Синоптиктер Ақтөбе облысында жауын-шашынның жаңбыр мен қар түрінде мол түсуі ықтимал екенін ескертті. Сондай-ақ солтүстік-батыс пен батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты полиция жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырды. Температураның төмендеуінен кей учаскелерде жол беті тайғақ болып, көлік қозғалысына қауіп төнуі мүмкін.
