Елордада атом саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті
Астанада атом саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтіп, үздік мамандар марапатталды. Биылғы мереке атом энергетикасының жаңа кезеңімен тұспа-тұс келді.
Сурет: gov.kz
Астанада Қазақстанның Атом саласы қызметкерлері күніне орайластырылған салтанатты жиын өтті. Оған сала ардагерлері, ғалымдар, инженерлер, бейінді ұйымдардың басшылары және кәсіби қоғамдастық өкілдері қатысты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Биылғы кәсіби мереке отандық атом энергетикасы дамуының жаңа кезеңімен тұспа-тұс келді. Қазақстан ірі жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға көшуде. Заманауи Қазақстан тарихындағы тұңғыш атом электр станциясын салу туралы келісімшартқа қол қойылып, құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған.

Сала қызметкерлері мен ардагерлерді құттықтаған Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасы еліміз үшін технология, ғылым, өнеркәсіп және кадр даярлау салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Атом энергетикасы — бір ғана энергетикалық нысан салудан әлдеқайда ауқымды ұғым. Бұл — жаңа құзыреттер мен технологияларды дамыту, отандық өндіріс пен ғылымды ілгерілету, жоғары білікті мамандар даярлау және заманауи инженерлік мектеп қалыптастыру», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, жаңа міндеттерді шешуде адамдардың білімі, тәжірибесі мен кәсіби жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығына және ардагерлердің жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға жеткізуге ерекше мән беріледі.

Атом өнеркәсібін дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл бағыт энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жоғары технологиялық өндірістерді, ғылым мен инженерлік құзыреттерді дамытуға ықпал етеді. Атом саласы электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді. Ол уран өнеркәсібін, ядролық медицинаны, ғылыми зерттеулерді және білікті кадрлар даярлауды да қамтиды.
Осыған байланысты отандық білім беру және ғылыми базаны дамыту ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда атом саласына мамандарды 12 отандық жоғары оқу орны «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалымен бірлесіп даярлайды. 2000 жылдан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарында ядролық және атом энергетикасы саласы бойынша 4,5 мыңнан астам маман даярланды.
Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Атом саласына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар маман Қазақстан Республикасының «Атом саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының, «Қазақстанның атом электр станциялары» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және басқа да ұйымдардың өкілдері бар. Олардың атом саласындағы еңбек өтілі 4 жылдан 47 жылға дейінгі аралықты құрайды.
Марапатталғандардың қатарында «Қазводоканалпроект» компаниясының инженерлік ізденістер бөлімінің бастығы Эриксон Цой, Ұлттық ядролық орталықтың «Атом энергиясы институты» филиалының нейтрондық физика зертханасының бастығы Ирина Прозорова, «Семізбай-U» компаниясының Иіркөл филиалының директоры Мұқанбетжан Салқынбаев, «Ұлттық ядролық орталық» Геофизикалық зерттеулер институтының Арнайы сейсмикалық ақпаратты жинау және өңдеу орталығының талдау және ғылыми зерттеулер тобының басшысы Ирина Аристова және Ядролық физика институтының бас маманы Заря Бөкенова бар.
Атом саласына қосқан үлесі және қоғамдық диалогты дамытуға атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев және кеңес мүшелері Евгений Больгерт, Қасым Жұмаділов пен Дәурен Әбен марапатталды.
