Астанада «Жайық толқыны» көрмесі өтті: 3 мың қонақ, 5 млн теңгеден астам сатылым
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» креативті көрмесі өтті: 40-тан астам шебер, 3 мың қонақ және 5 млн теңгеден астам сатылым.
Сурет: inbusiness.kz
Qazaq Creative Hub алаңында Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» атты креативті көрмесі мәресіне жетті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен республикалық Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жиында дәстүрлі қолөнер шеберлері, суретшілер, зергерлер, дизайнерлер, сондай-ақ ағаш пен былғарыны өңдеу мамандары бас қосты — барлығы 40-тан астам қатысушы.
Экспозиция қала тұрғындары мен елорда қонақтарының назарын ерекше аударды: екі күнде көрмені 3 мың адам тамашалап, авторлық өнімдердің жалпы сатылымы 5 млн теңгеден асты. Келушілер бірегей туындыларды сатып алумен қатар, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш ою және қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алды.
Көрменің сән бағдарламасы айрықша қызығушылық тудырды: өңірлік брендтер — «Мария ханым» сән үйі, AS_brands.kz сән орталығы және «ДариЛили» сән орталығы өз коллекцияларын ұсынды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар Жайық өңірінің тарихи-мәдени мұрасына ерекше көңіл бөлді: облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобаларын, сондай-ақ «Долана» анимациялық фильмін таныстырды.
Creative Aimaq жобасы өңірлік креативті индустрияларды қолдау, отандық брендтерді ілгерілету, шеберлер үшін өткізу нарықтарын кеңейту және елдің мәдени мұрасын насихаттау мақсатында жүзеге асырылып отыр.
