Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 26 қыркүйек 2026 $ 442,0↓€ 502,5↓₽ 5,20↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайланды • «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті фестивалі Қостанай мен Ұлытауда өтті • Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті • Нұрбек Оралбай Азия ойындарын жеңіспен бастады • Келісімдерден өнім шығаруға дейін: Қазақстанда инвестициялық жобалар қалай іске қосылады • Махмұд Сабырхан Азия ойындарында ширек финалға шықты • Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайланды • «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті фестивалі Қостанай мен Ұлытауда өтті • Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті • Нұрбек Оралбай Азия ойындарын жеңіспен бастады • Келісімдерден өнім шығаруға дейін: Қазақстанда инвестициялық жобалар қалай іске қосылады • Махмұд Сабырхан Азия ойындарында ширек финалға шықты •

    «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті фестивалі Қостанай мен Ұлытауда өтті

    «Әділет» партиясы ұйымдастырған «Тең мүмкіндіктер» республикалық балалар инклюзивті фестивалінің алғашқы кезеңдері Ұлытау мен Қостанай облыстарында өтті.

    «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті фестивалі Қостанай мен Ұлытауда өтті

    Сурет: turkystan.kz

    «Әділет» партиясы ұйымдастырған «Тең мүмкіндіктер» республикалық балалар инклюзивті фестивалі басталды. Алғашқы өңірлік кезеңдер Ұлытау және Қостанай облыстарында өтті.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Мемлекет инклюзивті білім беруді дамытуға, балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар балалардың мүмкіндігін кеңейту және олардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін бірнеше рет атап өткен.

    Кедергісіз қоғам қалыптастыруға бағытталған нақты қадамның бірі – осы фестиваль. Оның мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың құрдастарының спорттық, шығармашылық және командалық іс-шараларға бірлесіп қатысуына жағдай жасау, сондай-ақ балалардың өзара қарым-қатынасы мен түсіністігін нығайту.

    Ұлытау облысында фестивальге Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандарынан 150-ге жуық бала қатысты. «Жігер» спорт кешенінде оқушылар эстафеталық жарыстар, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату және өзге де спорт түрлері бойынша бақ сынады. Екінші күні қатысушылар шығармашылық өнерлерін ортаға салды.

    «Әрбір балада өзін танытуға, құрдастарымен араласуға және ортақ өмірге атсалысуға қажет мүмкіндігі болғаны маңызды. Мұндай іс-шаралар балалардың бірлесіп спортпен айналысуына, өз қабілеттерін ашуына және жаңа достар табуына мүмкіндік беретін орта қалыптастырады», – деді «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының басшысы Ақжол Құрмансейіт.

    Фестивальдің тағы бір өңірлік кезеңі Қостанай облысында өтті. Оған өңірдегі түрлі білім беру ұйымдарынан 80 оқушы қатысты. Қатысушылар спорттың бірнеше түрінен, соның ішінде боччадан жарысқа түсті.

    «Балалардың әрбір жетістігінің артында олардың өздерінің, ата-аналары мен педагогтерінің үлкен еңбегі тұр. Біз үшін әрбір бала спортпен айналысып, өз қабілеттерін дамытып, қолдауды сезіне алатын жағдай жасау маңызды», – деді «Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының басшысы Бибігүл Аққожина.

    Қостанай қаласындағы №14 мектептің оқушысы Камила Аханова бочча жарысында үздік үштіктен көрінді.

    «Жарысқа қатысып, үздік үштіктен көрінгеніме қуаныштымын. Бұл фестиваль жаттығуларымды жалғастыруыма қосымша ынта берді», – деді ол.

    «Тең мүмкіндіктер» фестивалінің өңірлік кезеңдері еліміздің өзге де облыстарында жалғасады. Жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде өз мүмкіндіктерін кеңейтуіне бағытталып отыр.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →