Келісімдерден өнім шығаруға дейін: Қазақстанда инвестициялық жобалар қалай іске қосылады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс режимі арқылы Fufeng Group компаниясының кәсіпорнын іске қосу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп паркін құру жобасының келесі кезеңіне бастау берді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Орталық Азиядағы аминқышқылдарын өндіретін алғашқы зауыт – «SHENGTAI BIOTECH CO., LTD» ЖШС Жамбыл облысының Шу ауданында, «JIBEK JOLY» арнайы экономикалық аймағы маңында салынды. 2024 жылы қол жеткізілген келісімдерден өндірісті іске қосуға дейін екі жылға жуық уақыт өтті. Жобаның алғашқы кезеңіне $350 млн инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады.
Кәсіпорын аминқышқылдарын, оның ішінде изолейцин, лейцин, валин, треонин және глутамин өндіреді. Бұл өнімдер тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, биотехнология саласында, сондай-ақ арнайы тағам өнімдері мен жемшөп қоспаларын өндіруде кеңінен қолданылады.
Дайын өнімнің 80%-ын экспортқа шығарып, 20%-ын ішкі нарықта сату жоспарланып отыр.
Жобаны одан әрі дамыту аясында индустриялық парк құрып, жүгеріні өңдеу қуатын жылына 3 млн тоннаға дейін арттыру көзделген. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен $1,5 млрд болады. 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Жоба отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін де қосымша өткізу нарығын қалыптастырады. Кәсіпорынның алғашқы кезеңінде жыл сайын шамамен 500 мың тонна жүгері қажет болады.
Бірінші кезеңде кәсіпорын жыл сайын шамамен 500 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады және өңірдегі жүгері алқаптарының ұлғаюына ықпал ететін болады.
Жобаның жүзеге асырылуы Қазақстанда астықты терең өңдеудің толық өндірістік циклін қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім түрлерін шығаруды арттыруға және отандық агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісімдер Премьер-министр Олжас Бектеновтің KGIR-2024 форумында және Шанхайда Fufeng Group басшылығымен өткізген кездесулері барысында жасалды.
