Ақтөбе облысында аспандағы жарық құбылысы зымыран ұшырылымымен байланыстырылды
Ақтөбе облысында 23 қыркүйек кешінде аспандағы жарық құбылысы байқалып, әлеуметтік желіде талқыланды. Сарапшы оны Қытайдың Long March-8A зымыранымен байланыстырды.
Сурет: видеодан скриншот
23 қыркүйек күні кешке Ақтөбе облысының тұрғындары аспаннан ерекше жарық құбылысын байқап, әлеуметтік желіде түрлі болжам айта бастады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Желі қолданушыларының бірі түсірілген видеоны жариялап, көріністің шынайы екенін атап өткен.
«23 қыркүйек, Ақтөбе облысы. Аспанда түсініксіз бірдеңе болып жатыр, бұл ешқандай фотошоп емес», – делінген видеоның сипаттамасында.
Кадрлар әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кейбір қолданушылар оны зымыранмен байланыстырса, енді бірі әзілдеп өзге ғаламшарлықтар мен суперқаһармандар туралы пікір қалдырған.
«Зымыран ұшып барады», «Көрдік, бірақ не екенін түсінбедік», «Бұл Марвел Капитанының ұшып келгені», «Бұл баяғы өзге ғаламшарлықтар ғой», – деп жазды желі қолданушылары.
Tengrinews.kz басылымының жазуынша, Фесенков атындағы Астрофизика институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Серебряный бұл құбылыстың астрофизикалық табиғаты жоқ екенін айтты.
Маманның болжамынша, аспандағы жарық Қытайдың Хайнань провинциясындағы Вэньчан ғарыш айлағынан ұшырылған Long March-8A зымыран тасығышымен байланысты болуы мүмкін.
«Бұл құбылыстың астрофизикаға ешқандай қатысы жоқ. Бұл, сірә, төмен жер маңы орбитасына (LEO) ұшырылған Long March-8A болуы әбден мүмкін. Ұшырылым Астана уақытымен 18:32-де орындалды, ал бірнеше сағаттан кейін сатылары бөлінді – видеоға түсіп қалған соның салдары болуы ықтимал», – деп түсіндірді сарапшы.
