Джорджияда өлім жазасы соңғы сәтте тоқтатылды
АҚШ-тың Джорджия штатында Стейси Хамфристің өлім жазасы соңғы сәтте тоқтатылды. Оның бала кезінде зорлық-зомбылық көргені туралы жаңа деректер себеп болды.
Сурет: pexels.com
АҚШ-тың Джорджия штатында екі әйелді өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген 53 жастағы Стейси Хамфристің үкімі орындалар сәтте тоқтатылды. Себебі оның бала кезінде зорлық-зомбылық көргені туралы жаңа деректер пайда болды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Стейси Хамфрис 2003 жылы Атланта маңында 33 жастағы Синди Уильямс пен 21 жастағы Лори Браунды өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген. Үкім 17 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 19:00-де арнайы препарат егу арқылы орындалуға тиіс болған.
Алайда сотталған адамның адвокаты Брайан Каммер оның бала кезінен ауыр тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Қорғаушының айтуынша, Хамфрис ұзақ жылдар бойы соққыға жығылған, үш жасында бас сүйегі сынып, тиісті медициналық көмек алмаған.
Сондай-ақ адвокат оның бала кезінде жыныстық зорлық көргенін, денесіне темекі басылғанын және есірткі мен ішімдікке тәуелді адамдардың ортасында өскенін айтты.
«Бұл зорлық-зомбылық оның психикалық денсаулығына ауыр зақым келтіріп, кейінгі қылмыстық әрекеттеріне елеулі ықпал етті», – деді адвокат.
Осы уәждерден кейін Кобб округінің судьясы Тайлер Браунинг өлім жазасын уақытша тоқтатып, істі қайта қарауға мүмкіндік берді. Кейін Джорджия Жоғарғы соты да апелляциялық процесс аяқталғанға дейін үкімді орындамау жөнінде шешім шығарған.
Қорғаушы тарап биыл қабылданған «Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әділеттілік туралы» заңға сүйеніп отыр. Заң бала кезінде немесе отбасында зорлық көрген адамның сол жағдайлар қылмыс жасауына әсер еткені дәлелденсе, жазасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Адвокаттар Хамфриске тағайындалған өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұрап отыр.
Ал прокуратура өкілдері бұл заңның аталған іске қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Олардың пікірінше, құжат сотталған адамның өзі қылмыс жасаған жәбірленушіден зорлық көрген жағдайларға қатысты және өлім жазасына кесілгендерге қолданылатыны нақты көрсетілмеген.
Тергеу мәліметінше, 2003 жылғы 3 қарашада Хамфрис жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істейтін екі әйелдің кеңсесіне кірген. Ол оларды қорқытып, банк карталарының құпия кодтарын білгеннен кейін атып өлтірген.
Кейін әйелдердің есепшоттарынан 3 мың доллардан астам қаражат шешіп алған. Ұсталған кезде ол ақшаны көлігіне алған қарызын жабу үшін пайдаланбақ болғанын айтқан.
Енді Стейси Хамфриске қатысты өлім жазасының орындалатыны немесе оның өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылатыны алдағы сот процесінде шешіледі.
