ШҚО-да 60 жасар әйел 30 келілік қой макетін 40 рет көтерді
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Жаңылсын Бибол Өскемен маңындағы фестивальде 30 келілік қой макетін 40 рет көтеріп, әлеуметтік желіде танымал болды.
Сурет: видеодан скриншот
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Жаңылсын Бибол әлеуметтік желіде танымал болды. Ол 30 келілік қойдың макетін 40 рет көтеріп, жұртты таңғалдырды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Tengri Life жазуынша, оқиға Өскеменнен шамамен 10 шақырым жердегі Қасым Қайсенов кентінде өткен Nomad Álemi заманауи көшпенділер фестивалінде болған. Онда қатысушылар күш, ептілік және төзімділік бойынша сынға түсті.
Фестивальдің басты кейіпкерлерінің бірі Жаңылсын Бибол болды. Оның айтуынша, бастапқыда ол тек басқа қатысушыларды бақылап тұрған.
«Оның салмағы 30 келі екенін білмедім. Жай ғана көтеріп көрейін дедім. «Қолымнан келе ме, жоқ па, көрейік» деп ойладым. Алғашында бірнеше рет көтердім. Кейін адамдар қолдап, жігерлендіре бастағанда жалғастырдым. Сөйтіп, біртіндеп 40 ретке дейін жеттім. Кейін еш жерім ауырған жоқ. Оның үстіне немереме сыйлық берді», – деді Жаңылсын Бибол.
Оның сөзінше, көрермендердің қолдауы өзіне қосымша күш берген.
Жаңылсын Бибол 1967 жылы дүниеге келген. Жақында 60 жасқа толады. Алайда жарысты ұйымдастырушылар оның жасын қателесіп 70 деп көрсеткен. Әйел бұл қателікке ренжімегенін айтып, керісінше мұны жақсы ырымға балаған.
«Видеоның осынша танымал болатынын күтпедім. Балаларым мен туыстарым көріп, қуанып, қолдау білдіріп жатыр», – деді ол.
Жаңылсын Бибол Қасым Қайсенов кентіне екі жыл бұрын көшіп келген. Оған дейін 10 жыл Сағыр ауылында тұрған және бірнеше жыл аудандық әкімдікте жұмыс істеген.
Оның үш баласы мен бірнеше немересі бар.
