Қарағандыда екі баланың анасы өлі табылды: туыстары суицид нұсқасына сенбейді
Фото: видеодан скрин
Қарағандыда Шымкенттің тумасы, екі баланың анасы 28 жастағы Динара Мыңбаеваның өліміне қатысты іс қоғам назарын аударды. 2025 жылғы 3 шілдеде Динара күйеуімен бірге тұрған пәтерден асылып қалған күйінде табылған. Полиция болған жағдайды «суицид» деп бағалап, қылмыстық істі тоқтатқан, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Алайда марқұмның туыстары оның өліміне қатысты күмәнді жайттар барын айтып, істі қайта тергеуді талап етіп отыр. Марқұмның әпкесінің айтуынша, қайғылы жағдайдан бір күн бұрын Динара мен күйеуінің арасында үлкен жанжал болған. Динара полиция шақырып, күйеуінің өзін ұрғанын айтқан. Туыстарының сөзінше, оқиға орнына келген полицейлер арызда тек сөзбен қорлау дерегін көрсетуге көндірген. Сол түні Динара анасына телефон соғып, күйеуінің өзін ұрып, тұншықтырғанын айтқан.
Сондай-ақ анасынан өзін екі баласымен бірге алып кетуді сұраған. Анасы Шымкенттен Қарағандыға баруға дайындалғанымен, осы әңгімеден кейін қызымен қайта байланыса алмаған. Келесі күні отбасыға Динараның қайтыс болғаны хабарланған. Туыстары бірқатар күмәнді жайтқа назар аударып отыр. Олардың айтуынша, Динараның денесінде көгерген іздер болған, пәтердегі кілем жоғалып кеткен, ал ата-анасы жеткенше мәйіт моргке әкетілген. Осыған байланысты отбасы Динараның өліміне басқа адам қатысы болуы мүмкін және оқиға суицид ретінде көрсетілген болуы ықтимал деп күдіктенеді. Марқұмның жақындары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен істі қайта тергеуді және қайғылы жағдайдың алдындағы шақыртуға барған полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Динараның артында үш жастағы және бір жарым жастағы екі ұлы қалды.
Дереккөз: Kriminal Kazakhstan
